«Қазпошта» АҚ хабарлайды: «2025 жылы 26 тамыздағы АҚШ-тың Шекаралық-кеден қызметінің шешіміне сәйкес, АҚШ-қа бағытталған тауар салынған сәлемдемелерді қабылдау және жеткізу уақытша тоқтатылады. Хаттар мен құжаттарды жіберу қалыпты режимде жалғасады. Бұл шектеу АҚШ тарапынан енгізілген және ол көптеген елдерден келетін халықаралық пошта жөнелтілімдеріне қатысты қолданылып отыр. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік пошта одағына мүше 192 елдің ішінде АҚШ-қа тауарлық сәлемдеме жөнелте алатын бар болғаны 5 мемлекет қана бар. «Қазпошта» АҚ серіктестерімен тұрақты байланыста және көрсетілетін қызметті мүмкіндігінше тез арада қалпына келтіру мақсатында белсенді келіссөздер жүргізіп жатыр. Келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз».
Евразия24 пікірі:
Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі АҚШ-қа сәлемдеме жөнелтуді уақытша тоқтату туралы «Қазпоштаның» хабарламасын жариялады. Алайда бұл шектеудің себебі нақты түсіндірілген жоқ. Негізгі себеп — 2025 жылы 30 шілдеде АҚШ Президенті Дональд Трамп «de minimis» деп аталатын ережеге жататын тауарларға қатысты баж салығын алып тастау режимін жойды. Аталған ереже АҚШ-қа құны 800 доллардан аспайтын тауарларды баж салығынсыз пошта арқылы кіргізуге мүмкіндік беретін. 29 тамызға қараған түні Трамптың жаңа ережелері күшіне енді. АҚШ Президенті бұл шешім басқа елдердің салықтан жалтарып, елге контрабандалық есірткі жеткізуіне жол беретін «олқылықты» жоюға бағытталғанын мәлімдеді. Алайда шын мәнінде бұл шара Қытайлық Shein мен Temu маркетплейстеріне қарсы бағытталған — олар америкалық тұтынушыларға арзан тауарларды миллиардтаған доллар көлемінде кедендік тексерусіз және баж салығынсыз тікелей жеткізіп отырған. Дегенмен, бажсыз пошта жөнелтілімдеріне толық тыйым салынған жоқ — егер сәлемдеме құны 100 доллардан аспаса, бұрынғы тәртіп сақталады. Трамптың кедендік қысымы бүкіл әлемге әсер етті және мұның бәрі жазда басталған. Дегенмен, Қазақстан мен АҚШ арасында жалпы құны 4 миллиард доллар болатын америкалық локомотивтерді сатып алу жөніндегі келісім жасалған тұста, сәлемдеме тасымалына қатысты шектеу — өте қисынсыз көрінеді.