Сарқылмас ынта-жігер, зор шабытпен жатпай-тұрмай жасампаз еңбек атқарған Жеңіс, бірте-бірте саяси, әскери және экономикалық реформаларды жүргізе берді.
Тайға таңба басқандай нақты жазылып, жақсы түсіндірілген әділ және көпшілік мақұлдаған заңдардың арқасында, қазақ рулары, кәсіпкерлер мен жеке азаматтар дау-дамайлы жағдайларға ұшырамайтын болды. Пара алмайтын халық соттары – Билер кез-келген жағдайды қатаң түрде заң бойынша шешті, әділ шешкені сонша, риза болған халық олардың атын аңызға қоса бастады. Қату қабақ барымташылар тағайындалған жазаның бұлжымай орындалуын қамтамасыз етті.
Адамдар қылмыстық «заңдар» мен ру басшыларының біржақты шешімдері бойынша емес, баршасы бірдей бағынатын қатал және әділ заңдар бойынша өмір сүру әлдеқайда артық екенін түсінді. Федерацияда темірдей құқықтық тәртіп орнап, оны көшпелі қоғамның өзі қастер тұтып, қолдап-қуаттап, жан-тәнімен қорғап отырды. Көп ұзамай, ешкім заңға қайшы әрекет жасай алмайтындай болды, өйткені, өз тыныштығын жабыла қорғайтын парасатты азаматтар ондай жайттарды жергілікті билікке жеткізіп отырды.
Ұлттық Сауда Корпорациясы халық өндірген жүнді соңғы жұрымына дейін сатып алып, ақысын теңгемен аямай төлеп отырды, содан-ақ, ел жінігіп, жүн өндіруге кірісті, жүнді көбірек беретін меринос тұқымы өсірілді, қой отарлары жылдам көбейіп, Мәңгі Ел халқы байи берді! Жылжымалы Арба-ләпкелер ауылдарға әкелетін, бұрын ешкім көріп-білмеген импорт маталар, киім-кешек, шай, қағаз, ыдыс-аяқ, басқа да тауарларға көшпенділердің киіз үйлері мен сандықтары лық толып, одан да көп ақша табуға ынталандырды.
Басқақтар өз қалтасынан мемлекетке төлеген Қосымша Құн Салығының өздеріне қайтуын, қосымша алымдардың жиналуын жіті қадағалап отырды. Халық Федерация тарапынан салынатын жеңіл әрі әділ салық – жасақты – бұлжытпай төлеп отырды, өйткені, бірнеше есе өскен кірістің жанында, ол тым мардымсыз еді.
Федерацияның Әскері мықты қаруланған, әбден машықтанған, тәртіпті және жеңіске ынталы қуатты Қолға айналып, алғашқы қақтығыстарда-ақ жанжалшыл көрші елдерді Мәңгі Елмен енді қайтып тартыспайтындай қылды, ал, ең бастысы, Қытайдағы Үлкен Сауданы ұйымдастыруға көп септігін тигізді.
Қуатты әскер, әділ заңдар мен тәуелсіз сот сенімді қорған болатын қоғамда дамып келе жатқан, жаппай өнім саудасы жолға қойылған, салық жүйесі кемел Федерация экономикасы серпін ала бастады. Жиналған салықтың көп бөлігін Қазына мал басын көбейтіп, сапасын жақсартуды, мал шаруашылығы өнімдерін (қой терісі, жүн, былғары) өндіру аясын кеңейтіп, тауарға айналдыруды көздеген Федерация мүшелеріне мемлекеттік ұзақ мерзімді несие түрінде бере бастады.
Әскер мен Ақша Сарайының мұқтажын өтеу үшін, сондай-ақ, еңбек құралдары мен халық тұтынатын тауарларды өндіру үшін, тау-кен ісіне, кен-тас өндіруге, қара және түсті металдарды балқытуға ерекше мән берілді. Инвестицияны көп қажет ететін бұл өндіріс салалары мемлекеттік тапсырыс бойынша Федерация бюджетінен қаржыландыру арқасында дамып, өнімін тұрақты өткізіп (сатып) отырды.
Үкімет жыл сайын Құрылтайшылар Мәжілісі алдында есеп бергенде, сол Үкіметті басқарып отырған Бас Атқарушы Жеңістің атына қошеметпен алғыс айтылатын болды. Ру өкілдерінің Мәжілісі оған жаңа өмірге риза бүкіл халық тарапынан толық қолдау білдірді. Көңілдері түскен көршілер Федерацияның жетістіктерін қызғана да, қызыға да бақылады. Тап іргеде қайнаған тамаша, жаңаша өмірге қызығып, олар да дәл солай жақсы, бейбіт, тоқ өмір сүргілері келетін. Мәңгі Елмен шектес аумақтардың тұрғындары өздерінің билеуші Хандарына наразы бола бастады. Ол Хандар бүгін болмаса, ертең рулас-тайпаластарының Федерацияға біржола ауып кететінін, оған рұқсат та сұрап жатпайтынын сезді.
– Енді қайттік? – десті көршілес Хандар, – берекесі тасыған Мәңгі Елді соғыспен талан-тараж қыла алмайсың, оның Әскері бізді тапап тастайды, сүйегімізді жинай алмай қаламыз. Ұзын Құлақтан бүкіл далаға тараған Мәңгі Елдегі бақытты өмір туралы қауесетпен тағы күресе алмайсың.
Сол жергілікті Хандардың жанында жүргендерден Мәңгі Елдің Сыртқы Барлау Қызметіне тартылған тыңшылар ақырын жыбырлап, тығырықтан шығудың көкейге қонымды шешімін олардың құлағына жайлап құя берді:
- Осы әншейін ғана өзіміз барып, жаңа егеменді субъект хұқығын иеленіп, Федерацияға қосыла салсақ, қайтеді? Жүнді бұрынғыдан 100 есе артық өндіретін боламыз, оның үстіне, қанша сатам десең де, еркің, Ұлттық Сауда Корпорациясы ала береді, мүмкін, тіпті, экономикамызды дамытуға несие де беріп қалар? Олар әр аймақтың билігін жергілікті басшыға қалдырады екен, алым-салығына да тиіспейді екен. Мәңгі Елге қосылсақ, мыңғыртып табыс табамыз, анау бар-жоғы 10 пайызды құрайтын Қосымша Құн Салығын төлей саламыз, болды, қалғаны өзімізге тиеді. Есесіне, әскери «крышамыз» болады, өзіміздің арамтамақ әскерімізді таратып, бір ғана әскери бюджеттің өзінен қаншама ақша үнемдейміз! Қалай болғанда да, Федерацияның құрамына кіру керек, әйтпесе, халқымыз сол жаққа тайып тұрса, бір-ақ сәтте бәрінен айрыласыңдар!
Көшпенділердің Сыртқы Барлау қызметі әр көршінің көңіл ауанын жіті бағып, үнемі Жеңіске хабарлап отырды. Сондықтан, ол Мәңгі Елге жаңа территориялар мен халықтардың ерікті түрде қосылуы ықтимал екенін сезіп, ол мәселені күнібұрын көтеріп, Құрылтайшылар мәжілісінде сөз сөйледі.
«Бұның пайдасы шаш-етектен, – деді Жеңіс әріптестеріне қарап. – Кедендік төлемдер мен транзит проблемасы жоғалады, салық көздері мен Федерация бюджетіне түсімдер артады, экспорт пен импорт көлемі ұлғаяды. Оның үстіне, олар өзіміздің қазақтар, өндіріс тәсілі мен өнімдеріміз, әдет-ғұрып, діліміз бен тіліміз – бірдей, сондықтан, заңдарды ұғындыру, оларды басқару қиындық туғызбайды! Ендеше оларды неге Мәңгі Ел Одағына қабылдамасқа?!».
Құрылтайшылар Жеңістің айтқанына келісіп, саяси тұрғыдан құп көріп, мақұлдады, бірақ, оған бір өтініш айтты:
- Жәке, ертең жұрттың бәрі Федерация құрамына кіруге жүгіреді, сол кезде бізді, яғни, Құрылтайшыларды Одаққа жаңа мүше алған сайын мазаламай-ақ қойшы, онсыз да үйімізде жұмысымыз бастан асады. Сыртқы саясатқа сен де жауап бересің, сондықтан, сенен өтінеріміз – бүкіл ағымдық шаруаларды өзің қадағалашы. Мәңгі Елдің мемлекеттік мөрі өзіңде, қол қоюға қақың бар, сондықтан, Федерацияға қосылу туралы келісімшарттарға өзің қол қоя бер.
Осылай деген Құрылтайшылар, ақылды Жеңіс алдын-ала дайындап қойған жазбаша бұйрыққа қолдарын қойды да, өз экономикасын әрі қарай дамытып, байи түсу үшін, үйді-үйлеріне тарап кетті.
Ұзамай, көрші Хандар Мәңгі Елге келіссөзші-елшілерін жібере бастады. Ол елшілер салып-ұрып Құрылтайшы төрт Ханға тартты. Құрылтайшы Хандар елшілердің қымбат сый-сияпатын қуана-қуана алып алды да, өздерін Бас Атқарушыға жіберді: «Жаңа субъектілермен Келісімшарт жасасу құзыры Бас Атқарушы Жеңіске берілген, бұл соның жұмысы, сол үшін оған айлық төлейміз. Алдымен сонымен сөйлесіңдер, егер ол келіссе, біз қарсы емеспіз!» деп ұғындырды олар.
Құр қол қалып, мұңайған елшілер Жеңіске қарай ілбіді. Бір-екі күн кезекте тұрған олар, ақыры шұғыл мәжілістерден қолы әрең босап, қатты шаршағаннан көздері қып-қызыл болып кеткен Бас Атқарушының алдына келді. Сенім грамоталарын қабылдап, елшілерді мұқият тыңдап алған соң, Жеңіс олардың бұндайда міндетті түрде айтылатын мақтау сөздеріне сыпайы ғана ризашылық білдірді, сосын әдеппен руларының тұрмыс-тіршілігі жайлы сұрастырды, достық райда Федерацияға кіру шарттарын түсіндірді.
Шарттар өте қарапайым әрі тиімді болатын. Нақтырақ айтқанда, Федерацияға қосылатын жаңа ел Мәңгі Елдің Ата Заңы мен бүкіл Заңнамасын қабылдайды, тікелей Үкіметке бағынады, ру өкілдері Мәжілісінің заң шығару бойынша жұмысына қатысады, өз аумақтарына бірыңғай теңге валютасын енгізеді, Жалпы Ішкі Өнім сомасының 10%-н Федерация бюджетіне төлеп отырады, жеке қарулы әскери құрылымдарынан бас тартады, сондай-ақ, кедендік салықтарды, транзиттік алымдарды және қосарлы салықтарды жояды. Аймақтық билік, жер, жергілікті салықтар сол елдің еркінде қалады.
Осы айтылғанның әр тармағы сол елдің ұлттық Референдумында жалпыхалықтық дауыс беру арқылы мақұлданып, бекітілуі керек (кемінде 70% дауыспен). Референдум Хаттамасы, үміткер-субъектің шаруашылық іс-қызметінің нәтижелері туралы Жылдық есебі, оған қоса, біреуі – сыртқы қарыздардың жоқтығын, екіншісі – бөтен елдердің олардың аумағына таласы жоқ екендігін растайтын екі анықтама Үкіметке өткізілуі тиіс.
- Осымен сөз тәмам, қымбаттыларым, осы құжаттар дайын болғанда, бізге қосылатындарыңыз туралы Келісімшартты рәсімдейміз де, «Мәңгі Елге қош келдіңіздер!» дейміз! Айтпақшы, міне, мына хатпен Қазынаның қоймасына барыңыздар да, Федерация Үкіметінің атынан сыйлық алыңыздар: Хандарыңызға Хорезмнен әкелінген қанжар мен жібек шапан, әйелдеріңізге үнді әшекейлері мен балаларыңызға қытай ойыншықтарын ала кетіңіздер. Ал, жеке менің атымнан халықтарыңызға жалынды сәлем жеткізіңіздер!
Жеңістің адаммен тілдескен кездегі қарапайымдығына қайран қалып, тосын сыйлықтарына көңілдері елжіреген елшілер, үйлеріне оралған соң, өздерінің Хандарына міндеттерін табысты орындай алғандарын баяндап, арасында бояуын қалыңдатып, Мәңгі Елдің мақтауын артығымен жеткізді. Бұл Билеушілердің соңғы күмәндарын сейілтіп, Федерацияға қосылу туралы шешімнің қабылдануын тездетті.
Нәтижесінде, 1216-жылға қарай Жеңіс барлық көшпелі түркі руларының Мәңгі Ел құрамына кіргені туралы келісімшарттарға қол қойды. Сөйтіп, Төрт ру Одағы Жүз тоғыз ру Одағына айналды, ал, Мәңгі Елдің аумағы енді шығыстағы Ұлы Қытай Қорғанынан батыстағы Дон өзеніне дейін созылды!
Осылайша, өз экономикасын қарқынды дамытуға мүдделі барлық көшпелі халықтар – қазақтар, татарлар, башқұрттар, қырғыздар мен басқалары бірігіп, бір түркі тобына жататын ұқсас тілдерде сөйлегендіктен, Федерацияның заңнамасын да, Үкімет жарлықтарын да, бір-бірін де оңай түсінді.
Ал, енді өздеріңіз ойлаңыздаршы, бүкіл орыс, қытай, моңғол, олардың соңын ала, өз тарихшыларымыз да миымызға сіңіргендей, барша осы рулардың аумақтарын Жеңіс соғыспен жаулап ала алар ма еді?! Естеріңізде болса, экономикалық қуаты, әскери күші зор бола тұра, КСРО – кішігірім Ауғанстанда, АҚШ – кішігірім Вьетнамда, Ресей – кішігірім Шешенстанда қанша жыл ұрыс салды? Өзгелерді де қырды, өз адамдарынан да айырылды, бірақ, бәрібір дегендерін істете алмады!
Қазақ, татар, башқұрт, ұйғыр, қырғыз ұлттарының эпостарында, аңыздарында, әндері мен ертегілерінде Жеңіс Ханмен немесе моңғолдармен соғыс туралы бір ауыз сөз жоқ. Неге? Дұрыс айтасыздар, өйткені, онымен ешқашан ешқандай соғыс болған емес! Түркілер мекендеген мұндай ұланғайыр аумақтарды жаулап алу еш мүмкін емес, ал, олардың өз ерік-қалауы мен өмірлік мүдделерін ескере отырып, бейбіт жолмен біріктіру әбден мүмкін. Солай болды да!
Кітаптың бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Алғы сөз»
Кітаптың екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Зор күмәндар бастауы»
Кітаптың үшінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Халықтың аспаздық өнері – тарих айнасы»
Кітаптың бесінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны»
Кітаптың алтыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы Қытай қорғаны. Моңғол ұғымы»
Кітаптың жетінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Қазақстан туы. Тәңіршілдік»
Кітаптың сегізінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Кедей қалай хан болды?»
Кітаптың тоғызыншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Мәңгі ел құру жоспары»
Кітаптың оныншы бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Көшпенділердің жаңа экономикалық саясаты»
Кітаптың он бірінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. Ұлы сауда көлігі»
Кітаптың он екінші бөлімі «Бешпармақ. Инженер толғанысы. «Жүн жолы» жобасы»