Қазақстанда биыл 268 мыңнан астам азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алды Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылғаны үшін төленетін әлеуметтік төлемді 308,4 мың адам алған. Оның ішінде 268,6 мың азаматқа бұл төлем дәл осы жылы тағайындалған. Жалпы төлем көлемі — 106,8 миллиард теңгені құрады.
Евразия24 пікірі:
Қазақстанда жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылар саны азаймай отыр. Eurasia24 жүргізген талдауға сәйкес, 2025 жылғы 1 қарашаға дейін бұл төлемді алған азаматтардың саны 308,4 мың адамға жеткен. Бұл — 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,9 есе көп: былтыр бұл көрсеткіш небәрі 106 мың болған. Тек қазаннан қарашаға дейінгі бір айдың ішінде 23,2 мың азамат жаңадан тіркеліп, төлем ала бастаған.
Айта кетерлігі, жұмыссыздық бойынша әлеуметтік төлем тек ресми түрде еңбек еткен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударым жасаған азаматтарға ғана беріледі. Яғни бұл статистика елдегі бейресми жұмыссыздық деңгейін қамтымайды.
Бұл күрт өсім 2020 жылдан бергі динамикада да ерекше байқалады. Мәселен, COVID-19 індеті салдарынан бүкіл ел карантинге жабылып, көптеген кәсіпорындар жұмысын уақытша тоқтатқан 2020 жылдың өзінде тек 99 мың адам ғана бұл төлемді алған болатын. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 105 мың болған.
2025 жыл — соңғы бес жылдағы антирекорд жылы болып отыр. Жағдайдың бұл деңгейге жетуі елдегі ресми жұмыссыздықтың бұрын-соңды болмаған қарқынмен артып жатқанын көрсетеді. Бұл жағдай Қазақстан экономикасының тұрақты өсімі туралы ресми мәлімдемелермен қаншалықты сәйкес келеді? Бұл үлкен сұрақ.




