Астана. 24 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – 2025 жылдың қорытындысы бойынша Астананың жалпы өңірлік өнімі (ЖӨӨ) 35 млрд АҚШ долларына дейін артуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың дамуына арналған кеңесте мәлімдеді.
Мемлекет басшысының айтуынша, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Астананың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 118,6%-ды құрады. Елорда инвестиция тарту, құрылыс көлемі, сондай-ақ шағын және орта бизнесті дамыту көрсеткіштері бойынша республикада алдыңғы қатарда тұр.
Президент жыл соңына дейін пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі шамамен 5 млн шаршы метрге жететінін атап өтті. Бұл Қазақстан бойынша салынатын тұрғын үйлердің жалпы көлемінің төрттен біріне жуық және Орталық Азия елдерінің астаналарындағы көрсеткіштерден бірнеше есе жоғары.
2025 жылдың 11 айында Астанада өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 2,8 трлн теңгені құрап, 7,2%-ға өсті. Сауда айналымы 10,8 трлн теңгеден асып, 8,4%-ға артты. Осы кезеңдегі салық түсімдері 4,3 трлн теңгеге жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Астананың жалпы өңірлік өнімі 15 трлн теңгеден асып, шамамен 32 млрд долларды құрағанын еске салды. Ал биылғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш кемінде 17 трлн теңге деңгейінде қалыптасады деп күтілуде. Ресми дерекке сәйкес, елорда халқының саны 1,6 млн адамды құрайды.
Сондай-ақ Президент Oxford Economics рейтингінің 2025 жылғы нәтижелері бойынша Астананың Азияда 36-орынға, әлем бойынша 276-орынға жайғасқанын айтты. Оның сөзінше, қала жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім көрсеткіштері бойынша бәсекеге қабілетті деңгейде және өңірдегі бірқатар қалаларды басып озып отыр.
«Жалпы алғанда, Астана тұрақты түрде алға жылжып, жоғары өсім қарқынын көрсетіп келеді. Алайда шешімін күткен мәселелер де бар», – деді мемлекет басшысы.
Президент әкімдік пен мемлекеттік органдарға экономикалық белсенділікті одан әрі арттыру және Астананың халықаралық рейтингтердегі орнын жақсарту бағытында нақты міндеттер жүктеді.




