Астана. 10 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан экономикасы 2025 жылғы қаңтар–қазан айларында 6,4%-ға өсті, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
«2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ өсімі 6,4%-ды құрады», – делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Атап өтілгендей, тауарлар өндірісі 8,2%-ға, қызметтер саласы 5,3%-ға өскен. ЖІӨ өсіміне ең үлкен үлесті өнеркәсіп саласы қосқан – оның өсімі 7,3%-ды құрады.
«Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім 5,8%-ды құрады. Бұл негізінен жекелеген бағыттар бойынша өнім шығару көлемінің артуымен байланысты: машина жасау – 11,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасау – 13,3%-ға, химия өнеркәсібі – 10,9%-ға, азық-түлік өнімдері – 9,1%-ға, мұнай өңдеу – 6,3%-ға, металл бұйымдары – 14,1%-ға, құрылыс материалдары – 5,3%-ға артты», – деп нақтылады министрлік.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 15,1%-ға өскен. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 5,4%-ға, сауда көлемі 9%-ға артты.




