Астана. 16 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Алдыбергеновті қабылдап, компанияның 2025 жылғы қызмет қорытындылары туралы есепті тыңдады. Бұл туралы жұма күні Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
«Президентке тарифтік жүк айналымының 10%-ға өсіп, 289 млрд тонна-километрді құрағаны баяндалды. Жүк тасымалы көлемі 5,5%-ға артып, 320 млн тоннаға жетті. Экспорттық тасымалдар 89 млн тоннадан асты. Транзиттік жүк тасымалы 20%-дан астам өсіп, 33 млн тоннаны құрады», – делінген хабарламада.
КТЖ басшысы 2025 жылы пайдалануға берілген Достық – Мойынты учаскесіндегі екінші жолдар арқылы 6 млн тонна жүк, яғни 100 мыңнан астам вагон тасымалданғанын айтты. Сонымен қатар Алматы станциясының теміржол торабын айналып өтетін желі бойынша жұмыс қозғалысы ашылған.
Теміржол инфрақұрылымын салу және жаңғырту жұмыстары жалғасуда, жүзеге асырылып жатқан жобалардың жалпы ұзындығы 3,9 мың шақырымды құрайды.
Алдыбергеновтің айтуынша, цифрландыруға ерекше назар аударылуда: компанияда жасанды интеллект технологияларын қолдануды қоса алғанда, бірқатар цифрлық жобалар іске асырылуда, тәлімгерлік институты енгізілді және жастар кадрлық резервін қалыптастыру жұмысы аяқталды.
Президент КТЖ-ны трансформациялау жөніндегі жұмысты жалғастыруды, ірі шетелдік компаниялармен ынтымақтастықты нығайтуды, цифрлық шешімдерді енгізуді және мультимодальды логистиканы дамыту үшін инфрақұрылымды кеңейтуді тапсырды.
«Қазақстан темір жолы» – мемлекет бақылауындағы көлік-логистикалық компания. Компания теміржол, теңіз порттары мен әуежай инфрақұрылымын, сондай-ақ көлік-логистикалық орталықтарды басқарады.




