Вашингтон. 8 қаңтар. ИНТЕРФАКС – Венесуэланың ішкі істер министрі Диосдадо Кабельо АҚШ-тың ел президенті Николас Мадуроны ұстау операциясы кезінде қаза тапқандар мен жараланғандар санына қатысты деректерді нақтылады.
«Қазіргі уақытта, атап айтқанда осы сәтке дейін, 100 адам қаза тапты. Шамамен сонша адам жарақат алған», – деді Кабельо. Оның сөзін CNN телеарнасы келтіреді.
Министрдің айтуынша, қаза болғандардың қақтығысқа тікелей қатысы болмаған.
«Бұл бейбіт тұрғындар, үйлерінде отырған әйелдер. Олар елімізге тасталған қуатты бомбалардың салдарынан зардап шекті», – деп түсіндірді ол.
Дүйсенбі күні Куба үкіметі АҚШ операциясы кезінде Венесуэлада 32 кубалықтың қаза тапқанын хабарлады. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио NBC News телеарнасына берген сұхбатында Мадуроны күзеткендердің арасында кубалықтар болғанын мәлімдеді.
Өз кезегінде АҚШ президенті Дональд Трамп операция барысында бірде-бір америкалық әскери қызметкердің қаза таппағанын, алайда кейбірінің жараланғанын айтқан.
Өткен апта соңында америкалық әскери күштер Каракаста Венесуэла президенті Николас Мадуроны ұстап, оны АҚШ-қа алып кеткен. АҚШ билігі Мадуроны есірткі саудасына қатысы бар деп айыптап отыр.




