Евразия24ЖаңалықтарАҚШ-тың акция нарығы әлсіз экономикалық деректер мен саудадағы белгісіздікке байланысты төмендеді

АҚШ-тың акция нарығы әлсіз экономикалық деректер мен саудадағы белгісіздікке байланысты төмендеді

|

|

6 тамыз күні АҚШ-тың қор нарығындағы негізгі индекстер құлдырады. Бұған қызмет көрсету секторындағы іскерлік белсенділіктің төмендеуі, сауда саласындағы белгісіздік және бірқатар ірі компаниялардың қаржылық есептеріндегі жағымсыз көрсеткіштер себеп болды.

АҚШ Президенті Дональд Трамп CNBC арнасына берген сұхбатында келесі аптада елге сырттан әкелінетін чиптер мен фармацевтикалық өнімдерге қосымша импорттық баж салығы енгізілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, чиптер өндірісін АҚШ аумағында дамытуға ынталандыру үшін жаңа шаралар қолға алынады. Сондай-ақ ол фармацевтикалық өнімдерге 250%-ға дейін баж салығы енгізілуі мүмкін екенін жоққа шығармады.

Сонымен қатар, қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік индексі (ISM Services) шілде айында 50,1 пунктке дейін төмендеді. Маусым айында бұл көрсеткіш 50,8 пункт болған еді. Аналитиктер, керісінше, көрсеткіш 51,5 пунктке дейін өседі деп болжаған болатын. 50 пункттен жоғары мән – секторда өсім бар екенін, ал одан төмені – бәсеңдеуді білдіреді. Аталған индекс АҚШ экономикасының шамамен 90%-ын құрайтын қызмет көрсету саласының 62 түрлі бағытын қамтиды.

Нарықтағы жағдайға бірқатар ірі компаниялардың есептері де әсер етті. Мысалы, зерттеу қызметтерін ұсынатын Gartner Inc. акциялары 27,6%-ға төмендеді – компания табысын 5,7%-ға арттырғанымен, 2025 жылға арналған болжамын төмендетті. Vertex Pharmaceuticals акциялары 19%-ға арзандады – компания жаңа буын ауырсынуды басатын дәріге арналған клиникалық сынақтарды тоқтатты. Yum! Brands Inc. қаржылық көрсеткіштері де күткен нәтижеден төмен болды – акциялары 5,1%-ға арзандады. Бұдан бөлек, Salesforce, McDonald’s, Microsoft, Nvidia, Apple, Alphabet және Tesla компанияларының да бағалы қағаздары құнын жоғалтты.

Керісінше, оң нәтижелер көрсеткен компаниялар да болды. Pfizer Inc. акциялары 5,2%-ға қымбаттады – компания екінші тоқсанда күтілгеннен жоғары пайда көрсетті. DuPont de Nemours Inc. табысы азайғанымен, түзетілген кіріс көрсеткіштері жақсы болғандықтан, акциялары 2,4%-ға өсті. Palantir Technologies таза табысын 2,4 есе арттырып, акция құнын 7,9%-ға көтерді. Сондай-ақ, Cummins Inc., Marathon Petroleum, Amazon, UnitedHealth Group, Boeing, Intel және Chevron компанияларының құнды қағаздары да өсім көрсетті.

Сауда сессиясы қорытындысы бойынша, Dow Jones Industrial Average индексі 0,14%-ға (61,9 пунктке) төмендеп, 44 111,74 пунктті құрады. S&P 500 индексі 0,49%-ға (30,75 пунктке) азайып, 6 299,19 пункт болды. Ал Nasdaq Composite индексі 0,65%-ға (137,03 пунктке) төмендеп, 20 916,55 пунктке жетті.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Поделиться:

Читать далее:
Related

Қазақстан Еуразияның цифрлық хабына айналуы тиіс

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Еуразиядағы цифрлық хабқа айналып,...

Тоқаев Үкіметке мемлекеттік қызметтерге жасанды интеллектті енгізу бойынша шаралар әзірлеуді тапсырды

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке...

Тоқаев киберқауіпсіздікті күшейтіп, қызметтік хат алмасуды отандық мессенджерге көшіруді тапсырды

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев киберқауіпсіздік...

Жыл соңына дейін қазақстандық кәсіпорындар өндірісте жасанды интеллект енгізудің экономикалық нәтижесін көрсетуі тиіс

АСТАНА. 11 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды...