Вашингтон. 24 қаңтар. ИНТЕРФАКС – Демалыс күндері АҚШ-тың басым бөлігін соңғы жылдардағы ең қуатты қарлы боран қамтыды. Бұл туралы Associated Press агенттігі хабарлады.
Fox News телеарнасының мәліметінше, күшті қысқы дауыл 40-тан астам штатқа әсер етіп, қалың қар мен көктайғақ салдарынан 240 миллионға жуық адамға қауіп төндірді. Дауыл электр энергиясының өшуіне және елдің бірқатар өңірлеріндегі негізгі автомагистральдарда көлік кептелістерінің пайда болуына байланысты елеулі залал келтіруі мүмкін.
Синоптиктердің айтуынша, әсіресе мұз басқан аймақтарда келетін шығын көлемі дауылдан (ураганнан) келетін залалмен шамалас болуы ықтимал.
Оннан астам штаттың губернаторлары қолайсыз ауа райына байланысты дабыл қағып, төтенше жағдай режимін енгізді немесе тұрғындарды үйде қалуға шақырды.
Нью-Мексико штатынан Жаңа Англияға дейінгі аумақта шамамен 140 миллион адамға боран туралы ескерту жарияланды. АҚШ-тың Ұлттық метеорологиялық қызметі ел аумағында қалың қар жауатынын және Шығыс Техастан Солтүстік Каролинаға дейін созылатын апатты көктайғақ жолағы қалыптасатынын болжауда.
Жұма күні кешке дауылдың шеті Техас пен Оклахома штаттарының бірқатар аудандарына мұзды жаңбыр мен сулы қар алып келді. Елдің оңтүстігі арқылы өткеннен кейін дауыл солтүстік-шығысқа қарай жылжып, Вашингтоннан Нью-Йорк пен Бостонға дейінгі аумақта шамамен 30 сантиметрге дейін қар жауу қаупін тудырды.
Жақындап келе жатқан күшті дауылға байланысты АҚШ аумағында 8 мыңнан астам әуе рейсі тоқтатылды. FlightAware рейстерді бақылау сайтының деректеріне сәйкес, сенбі күні 3 400-ден астам рейс кешіктірілді немесе тоқтатылды, ал жексенбіге жоспарланған 5 мыңнан астам рейс отменаға ұшырады.
Энергетикалық компаниялар электр энергиясының өшуі мүмкін екеніне алдын ала дайындық жүргізді. Мұз электр беру желілері мен ағаш бұтақтарына жүздеген килограмм қосымша салмақ түсіріп, әсіресе қатты жел кезінде олардың үзілу қаупін арттырады.
Федералдық үкімет шамамен 30 іздестіру-құтқару тобын дайындық режиміне келтірді. АҚШ-тың Төтенше жағдайларды басқару жөніндегі федералдық агенттігінің (FEMA) мәліметінше, дауыл өтетін аумақтарда 7 миллионнан астам азық-түлік үлесі, 600 мың көрпе және 300 генератор алдын ала орналастырылған.
Жұма күні АҚШ Президенті Дональд Трамп әлеуметтік желілерде өз әкімшілігінің штаттар мен жергілікті билік өкілдерімен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатқанын және «FEMA ықтимал жағдайларға толық дайын» екенін мәлімдеді.




