Астана. 11 ақпан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қорына Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын (ЖЭО) салу жобаларын белгіленген мерзімде іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, сәрсенбі күні Бектенов Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысына арналған кеңес өткізді.
«20 ақпанға дейін көмір генерациясын дамыту жөніндегі Ұлттық жоспардың жобасын Үкіметке енгізу. “Самұрық-Қазына” қорына – “Алматинские станции” энергетикалық жобалары аясында Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы ЖЭО құрылысының уақытылы жүзеге асырылуын қамтамасыз ету», – делінген кеңес қорытындысы бойынша таратылған хабарламада.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық нысандарды іске қосу мерзімдерін кейінге қалдыруға жол берілмейтінін атап өткен болатын. Оның айтуынша, бұл мәселе жүйелі сипат алған. Атап айтқанда, Алматы қаласындағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті жаңғырту мерзімдері бірнеше рет қайта қаралған.
Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы ЖЭО құрылысына қатысты келісімшарттарды 2026 жылдың қаңтар айының соңына дейін жасасу жоспарланған, ал құрылыс жұмыстарын сәуір айында бастау көзделіп отыр.
Жобалық қуат Көкшетауда 240 МВт, ал Семей мен Өскеменде әрқайсысы 360 МВт болады.
Бұған дейін бұл жобаларды Ресеймен бірлесіп іске асыру жоспары қарастырылғаны хабарланған еді. Сонымен қатар Ресей үкіметінің несиесін субсидиялау арқылы тарту мәселесі талқыланған, алайда келіссөздер ұзаққа созылған.




