Астана. 10 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов мемлекеттік органдарға жаңа тәсілдер әзірлеп, коммерциялық ипотека көлемін арттыруды тапсырды.
Оның айтуынша, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына түсетін жүктемені азайту үшін қолжетімді коммерциялық ипотеканы дамыту және оның көлемін ұлғайту қажет.
«Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейлі банктердің коммерциялық ипотекасын әрі қарай дамытуға және тұрғын үймен қамтамасыз етудің өзге де құралдарын жетілдіруге бағытталған жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырамын», – деді Бектенов сейсенбі күні үкімет отырысында.
Сонымен қатар ол «Отбасы банкі» әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға көбірек назар аударуы тиіс екенін атап өтті.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі АҚ-ның мәліметінше, 2025 жылы «Отбасы банкі» арқылы халыққа жалпы сомасы 1,645 трлн теңгеге 77,1 мың ипотекалық несие берілген. 2026 жылы банк барлық бағдарламалары бойынша 1,63 трлн теңге көлемінде несие беріп, 70 мыңнан астам отбасын қамту жоспарланып отыр.
10 наурыздағы ресми валюта бағамы – 1 АҚШ доллары 493,85 теңге.




