БҰҰ (Нью-Йорк), 23 қыркүйек. CNN мәліметінше, Франциядан кейін бірқатар еуропалық мемлекеттер – Бельгия, Люксембург, Монако және Мальта – Палестина мемлекетін танитынын жариялады. Бұл шешім БҰҰ Бас Ассамблеясының аясында өткен «екі мемлекет» шешіміне арналған жоғары деңгейлі халықаралық конференция барысында қабылданды.
Осыған дейін Ұлыбритания, Канада, Австралия және Португалия Палестинаны ресми түрде таныған болатын. Қазірге дейін Палестина мемлекетін мойындаған елдердің саны 145-тен асты.
Монако князі Альбер II конференцияда сөйлеген сөзінде елінің Израиль мемлекетінің өмір сүру құқығын қолдайтынын және Палестинаны халықаралық құқыққа сәйкес дербес мемлекет ретінде мойындайтынын мәлімдеді. Ол қақтығысты «теңгерімді және ұзақмерзімді» жолмен шешудің маңыздылығына назар аударды.
Люксембург премьер-министрі Люк Фриден Палестинаны тануды «үміт пен дипломатияға берілгендік, сондай-ақ екі мемлекет шешімін жүзеге асыруға бағытталған қадам» деп атады.
Бельгия премьер-министрі Барт Де Вевер өз елінің Палестинаны мойындайтынын, бұл «қуатты саяси әрі дипломатиялық белгі» екенін айтты. Дегенмен, оның күшіне енуі барлық тұтқындардың босатылуы және ХАМАС-тың Палестина билігінен шеттетілуінен кейін ғана жүзеге асатынын атап өтті.
«Жаңа Палестина мемлекетімен дипломатиялық қатынастарды нақты орнату, оның ішінде Бельгия елшілігін ашу және халықаралық келісімдерге қол қою – Нью-Йорк декларациясының мақсаттары орындалғаннан кейін іске асады», – деді ол.
Андорраның сыртқы істер министрі Имма Тор Фаус өз елінің белгілі бір шарттар орындалған жағдайда ғана Палестинаны мойындайтынын жеткізді. Оның айтуынша, болашақ палестиналық мемлекет «демилитаризацияланған және ХАМАС-пен байланысы жоқ реформаланған үкіметтің басқаруында болуы тиіс».
Египет премьер-министрі Мустафа Мадбули Каирдің Газа секторы бойынша халықаралық конференция өткізуді жоспарлап отырғанын, оның мақсаты атысты тоқтату аяқталғаннан кейін анклавты қалпына келтіруге қажетті қаржыны жұмылдыру екенін айтты.
Индонезия президенті Прабово Субианто елінің қақтығыс аяқталғаннан кейін Газа секторындағы жағдайды тұрақтандыру үшін бітімгершілік күштерін жіберуге дайын екенін растады.
Конференция басында Палестина ұлттық әкімшілігінің басшысы Махмуд Аббас видеоүндеу жолдап, ХАМАС-тың болашақта Газа секторын басқаруға қатыспауы тиіс екенін мәлімдеді. Ол қозғалысты қаруларын тапсыруға шақырды.
«ХАМАС пен өзге де топтар қаруларын Палестина ұлттық әкімшілігіне өткізуі керек. (…) Біз қаруы жоқ, біртұтас заңға және заңды қауіпсіздік күштеріне бағынатын мемлекет құрамыз», – деді ол.
Аббас қақтығыс аяқталғаннан кейін президенттік және парламенттік сайлау өткізетінін және үш ай ішінде билікті бейбіт жолмен тапсыруды қамтамасыз ету үшін уақытша конституция әзірлейтінін жария етті.
«Палестина мемлекетін таныған елдердің ұстанымын жоғары бағалаймыз және әлі мұндай шешім қабылдамағандарды солардың үлгісін ұстануға шақырамыз», – деді Аббас.