Брюссель. 9 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Еуропалық одақ сейсенбі күні Израиль тарапынан ХАМАС жетекшілеріне Катар астанасы Дохада жасалған шабуылды айыптап, бұл әрекетті халықаралық құқықты бұзу деп бағалады. Сонымен қатар, одақ бұл жағдай Таяу Шығыс аймағындағы жанжалдың ушығуына әкелуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді.
«Израильдің бүгін Дохада ХАМАС жетекшілеріне жасаған әуе шабуылы – Катардың егемендігі мен халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы. Мұндай әрекет аймақтағы қақтығыстың ушығуына әкелуі ықтимал», – делінген Еуроодақтың сыртқы саясат қызметі таратқан ресми мәлімдемеде.
Құжатта ЕО Катар билігі мен халқына толық қолдау білдіретіні атап өтіліп, Газа секторындағы соғыстың кеңеюіне жол бермеу қажеттігі айтылған. «Бұл ешбір тараптың мүддесіне сай келмейді. Біз Газада атысты тоқтату жолындағы кез келген келіссөзді қолдауға дайынбыз», – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ, Еуропалық одақ өкілі ХАМАС ұйымының ЕО тарапынан лаңкестік ұйым ретінде танылғанын еске салып өтті. Бұған қоса, одақ ХАМАС пен «Палестина исламдық жихадына» қарсы жаңа санкциялар режимін қабылдағанын хабарлады.
Еске салайық, сейсенбі күні Израиль армиясы ХАМАС жетекшілеріне қарсы әуе шабуылын Катар астанасы Дохада жүзеге асырған болатын. Алайда кейін ХАМАС қозғалысы ұйым басшыларының аман қалғанын мәлімдеді.
Айта кетейік, 2012 жылдан бастап ХАМАС басшылығы Дохада орналасқан. 2017 жылдан 2024 жылға дейін ұйымды басқарған Исмаил Хания Катарда тұрған. Одан кейін ұйым жетекшілігін Газа секторынан Яхья Синвар жалғастырды. Қазіргі таңда саяси бюроның жетекшісі ретінде Катарда тұратын Халед Машаль қызмет атқарады.