Хельсинки. 28 желтоқсан. ИНТЕРФАКС – Түні бойы соққан «Ханнес» дауылы Финляндияда соңғы он жыл ішінде тіркелген электрмен жабдықтау жүйесіне ең ауқымды залал келтірді.
Elenia электр желілік компаниясының өкілі Хейкки Паананеннің жексенбі күні хабарлауынша, «Бұл – соңғы он жылдағы электр жүйесіне келтірілген ең ірі зақым болуы мүмкін. Былтыр қарашадағы «Яри» дауылынан да көп шығын келуі мүмкін», – деді ол.
Оның мәліметінше, жексенбі күні сағат 8:30-дағы жағдай бойынша шамамен 130 мың үй шаруашылығы электр жарығынсыз қалған, ал түнгі мезгілде бұл көрсеткіш 180 мыңға дейін жеткен.
Паананеннің айтуынша, электр желілерінің үстіне құлаған ағаштар салдарынан жағдай күрделене түскен:
«Бұл орманды тазарту жұмыстары бірнеше күнге созылады. Электрмен жабдықтау жүйесіндегі ақауларды жою келесі аптаға дейін жалғасуы мүмкін», – деді ол.
Дауыл Рованиеми әуежайында да елеулі келеңсіздіктерге себеп болды. Бірқатар рейстер тоқтатылып не кейінге шегерілді. Лапландиядағы Киттиля әуежайында екі ұшақ қатты желдің әсерінен ұшу жолағынан сырғып, қар үйіндісіне түсіп кеткен.
Финляндияның Батыс жағалауындағы құтқару қызметтері дауыл салдарын жою мақсатында мыңнан астам шұғыл шақыртуға қызмет көрсеткен.
Дауыл көршілес Швецияда да айтарлықтай зардап әкелді. Мұнда құлаған ағаштардың астында қалған екі адам қаза тапты. Бірқатар автокөлік жолдары жабылып, шамамен 40 мың үй электр жарығынсыз қалды.
Швецияның Азаматтық төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің (MSB) болжамына сәйкес, жергілікті деңгейде жолдар мен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары бірнеше күнге созылуы мүмкін.




