Гонконг. 3 сәуір. ИНТЕРФАКС — Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мен мен Франция президенті Эмманюэль Макрон Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ынтымақтастықты күшейтуге уағдаласты. Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.
«Біз ядролық энергетика мен жағалаудағы жел энергетикасы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту арқылы энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз бағыттарының қауіпсіздігін бірлесіп қамтамасыз етуге бейілді екенімізді растадық», — деді Ли Чжэ Мен.
Ол сондай-ақ жаһандық энергетика мен жеткізу тізбектеріндегі белгісіздіктің күшеюіне алаңдаушылық білдірді.
«Президент Макрон екеуміз Таяу Шығыстағы соғыс салдарынан туындаған экономикалық және энергетикалық дағдарыстарды бірлесіп еңсеру үшін тәжірибе мен саяси тәсілдермен алмасуға келістік. Сонымен қатар әлемдік экономикадағы белгісіздікті азайту үшін бірлесіп жұмыс істеу қажеттігі жөнінде ортақ пікірге келдік», — деді Оңтүстік Корея президенті бірлескен баспасөз мәслихатында.
Өз кезегінде Макрон Франция мен Оңтүстік Кореяның Ормуз бұғазындағы жағдайды тұрақтандыру және Таяу Шығыстағы шиеленісті төмендету бағытында ынтымақтастығының маңызын атап өтті.




