Астана. 3 ақпан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының бұрынғы төрағасы Раимбек Баталов Қазақстан Президентінің кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
55 жастағы Баталов бизнес саласынан шыққан. Тағайындалғанға дейін ол төрт жыл бойы Қазақстанның «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумын басқарды.
1992 жылы ол «Раимбек» сауда фирмасын құрды, кейін бұл компания Raimbek холдингіне дейін дамыды. Әр жылдары өнеркәсіпте, агробизнес саласында, металлургия, химия және энергетика секторларында басшылық қызметтер атқарған.
Бұған дейін Қазақстан Президентінің бұрынғы көмекшісі Қанат Шарлапаев Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы болып тағайындалғаны хабарланған болатын.




