Вашингтон. 3 қаңтар. ИНТЕРФАКС – The Associated Press агенттігінің хабарлауынша, сенбі күні АҚШ тарапы жүзеге асырған зымырандық соққылардың салдарынан Венесуэла астанасы Каракастың едәуір бөлігі жарықсыз қалды.
Соққылар шамамен 30 минут бойы жалғасқан. Қаза тапқандар немесе зардап шеккендер туралы нақты ақпарат түскен жоқ.
Бұған дейін ABC телеарнасы Каракаста кемінде жеті зымыран-бомбалық соққы жасалғанын хабарлаған. Шабуыл кезінде қала үстінен бірнеше тікұшақтың төмен биіктікте ұшып өткенін және авиация дыбыстары естілгенін атап өтті.
The Wall Street Journal басылымының мәліметінше, соққының бірі Каракастың маңындағы Симон Боливар атындағы Майкетия халықаралық әуежайына бағытталған. Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаларда әуежай аумағында қатты жарылыстар тіркелгені байқалады.
Сондай-ақ, соққылар Каракастағы “Форт-Тиуна” ірі әскери базасына да тиген. Бұл жерде елдің Қорғаныс министрлігі мен бас қолбасшылығы орналасқан, сонымен қатар вице-президент резиденциясы да бар. Шабуыл Каракастың шығысындағы әскери және жеке ұшақтар пайдаланатын “Ла-Карлота” әскери әуе базасын да қамтыды.
CBS телеарнасы Эль Волкан ауданындағы байланыс орталығы мен Кариб теңізі жағалауындағы Ла-Гуайра портына да соққы берілгенін хабарлады.
EFE агенттігінің ақпаратына сәйкес, Каракаста бұл шабуылдарды “АҚШ тарапынан жасалған аса ауқымды әскери агрессия” ретінде бағалап отыр. Үкімет бұл соққылардың тек астанамен шектелмей, Миранда, Арагуа және Ла-Гуайра аймақтарында да тіркелгенін айтты.
Билік ел аумағында полиция мен әскери бөлімшелерді орналастырғанын және мемлекетті толық қорғау мақсатында басқару жүйесін іске қосқанын мәлімдеді.




