Лондон. 3 сәуір. ИНТЕРФАКС — Мадагаскарда ел президенті Мишель Рандрианиринаға қарсы дайындалған қастандық әрекетінің жолы кесілді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Елдің бас прокуроры Нариндра Навалона Ракотуниайнаның мәлімдеуінше, мемлекет басшысына қарсы ұйымдастырылған қастандық жоспары дер кезінде әшкереленген.
Оның айтуынша, бұл іске қатысы бар деген күдікпен 13 адам анықталған, олардың 11-і қамауға алынған. Аталған тұлғаларға президентке қарсы қастандық ұйымдастыру және өзге де қылмыстар бойынша айып тағылмақ.
Деректерге сәйкес, негізгі ұйымдастырушылардың бірі ретінде армия полковнигі Патрик Ракотомамондзи аталады, алайда ол әлі ұсталған жоқ.
Мишель Рандрианирина 2025 жылдың қазан айында, өткен жылғы әскери бүліктен кейін, мемлекет басшысы қызметіне кіріскен. Бұған дейін ол елде сайлау өткенге дейін уақытша президент міндетін атқаратынын мәлімдеген. Оның айтуынша, өтпелі кезең кемінде 18 айға, ең көбі екі жылға созылуы тиіс.
Елдегі жаппай наразылықтар 22 қыркүйекте басталған. Оған электр қуаты мен ауыз су жеткізудегі тұрақты үзілістер себеп болған. Құқық қорғау органдары тәртіпті қалпына келтіру үшін күш қолданған.
29 қыркүйекте бұрынғы президент Андри Радзуэлина үкіметтің таратылғанын жариялаған. Кейін ол елден кетуге мәжбүр болған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, ол Францияның әскери ұшағымен кеткен.
Осыдан кейін Мадагаскар қарулы күштері билікті өз қолына алғанын мәлімдеді. Әскерилер парламенттің төменгі палатасынан басқа мемлекеттік органдардың қызметін тоқтатқан.




