Астана. 23 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұма күні Италияда өтетін XXV қысқы Олимпиада және XIV қысқы Паралимпиада ойындарының алдында еліміздің ұлттық құрамасының ту ұстаушыларына Мемлекеттік туды салтанатты түрде табыстады, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Қазақстан делегациясының ту ұстаушылары ретінде конькимен жүгіруші Денис Никиша, фристайлшы Аяулым Амренова және паралимпиада құрамасының мүшесі, биатлоншы Ербол Хамитов таңдалды.
Президенттің айтуынша, Олимпиадаға Қазақстаннан 40-қа жуық спортшы қатысады, олар 10 спорт түрінен бақ сынайды. Көпшілігі үшін бұл – мұндай беделді додаға алғашқы қатысу.
“Алдағы жарыстар сіздерге бірегей мүмкіндіктер ашумен қатар, үлкен сын болатыны сөзсіз. Қысқы Олимпиадаға дейінгі жол оңай болған жоқ. Дегенмен, біздің спортшыларымыз халықаралық ареналарда жақсы нәтиже көрсетіп, 17 алтын, 31 күміс және 21 қола медаль жеңіп алды”, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Паралимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларға да үлкен үміт артылатынын айтты.
“Қазіргі таңда Италияда наурыз айының басында өтетін Паралимпиада ойындарына қатысу үшін 10 лицензия иелендік. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта артуы мүмкін”, – деді ол.
Президент ұлттық құраманың Олимпиада алдындағы дайындық жұмыстарына ерекше көңіл бөлінгенін атап өтті.
“Спорт – алдын ала болжауға келмейтін сала. Алайда сіздердің іріктеу кезеңінен өтіп, ұлттық құраманың мүшесі атануларыңыздың өзі – сіздердің мүмкіндіктеріңіз бен жеңіске деген жігерлеріңіздің дәлелі. Еліміз сіздерге сенім артады. Барша халық сіздерге жанкүйер болады”, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы спортшыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.




