Астана. 25 ақпан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстанның Премьер-министрі Олжас Бектенов «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасын іске қосуды жеделдетуді профильдік министрліктер мен жауапты ұйымдарға тапсырды.
Үкіметтің баспасөз қызметі сәрсенбі күні өткен кеңес қорытындысы бойынша хабарлағандай, Премьер-министр барлық жұмыс кезеңдерін уақтылы іске асыруды және қажетті нормативтік шешімдерді қабылдауды жеделдетуді тапсырған.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, «ДӨО алқабы» жобасы Павлодар облысының Екібастұз қаласында жүзеге асырылуда. Жоба аясында энергетикалық әлеуеті 1 ГВт-қа дейін жететін Орталық Азиядағы ең ірі кампус құру жоспарланған. Үкімет тарапынан қажетті инфрақұрылымдық және құқықтық жағдайлар қамтамасыз етіліп, жалпы аумағы 1,4 мың гектар жер учаскелері бөлінген.
Сонымен қатар жобаны іске асыру үшін қосалқы станция сатып алу жұмыстары жүргізіліп, инвесторлар мен қатысушыларды қолдаудың қосымша мемлекеттік тетіктері әзірленуде.
Қалыптастырылатын инфрақұрылымның маңызды элементтерінің бірі халықаралық серіктестерді тартуға арналған greenfield-аймақ болмақ. Қуаты 100 МВт-қа дейінгі инфрақұрылым дайындалған, әрі қарай оны кеңейту мүмкіндігі қарастырылған. Инфрақұрылым халықаралық Tier III стандартына және PUE 1,25 энергия тиімділік коэффициентіне сәйкес болады.
Ірі hyperscale және BigTech компанияларының талаптарына сай телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында желілік кідірісті 80 миллисекундтан 57 миллисекундқа дейін төмендету жоспарлануда, бұл көрсеткіш еуропалық негізгі трафик алмасу орталықтарының деңгейіне жақын.
Алдағы кезеңде есептеу инфрақұрылымын кезең-кезеңімен ұлғайту, әрқайсысының қуаты 50 МВт болатын жасанды интеллектке арналған төрт кезекті деректерді өңдеу орталықтарын салу көзделген.
Жалпы алғанда, «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» жобасының іске қосылуы Қазақстанда цифрлық инфрақұрылым мен есептеу қуаттарының өңірлік орталығын қалыптастыруға, инвестиция тартуға және жоғары білікті жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Павлодар облысында деректерді өңдеу орталықтары алқабын орналастыру үшін пилоттық алаң ретінде 200 гектар жер бөлінгені хабарланған.




