Астана. 17 ақпан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Қазақстанда алдағы үш жыл ішінде майлы дақылдарды өңдеу саласында жалпы құны 94 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
«Маңызды бағыттардың бірі — қайта өңдеу. Осыған байланысты май өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын ұлғайту және оларды технологиялық жаңғырту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде», — деді министр.
Оның айтуынша, алдағы үш жылда жалпы сомасы 94 млрд теңгені құрайтын 13 жобаны іске қосу көзделген.
Сапаровтың еске салуынша, 2024–2025 жылдары елімізде жалпы құны 58 млрд теңге болатын, жиынтық қуаты шамамен 1 млн тоннаға тең төрт ірі жоба іске қосылды («Алтай Май» ЖШС, «Шын Жан ЖУО АНГ-Сункар» ЖШС, «Қапшағай бидай өнімдері» ЖШС, «Масло-Дел» ЖШС).
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында инновациялық өнім — лецитин өндіретін өндірістік желі пайдалануға берілді. Ал Солтүстік Қазақстан облысында биыл лецитин өндірісін іске қосу жоспарланып отыр, деп атап өтті министр.
Оның сөзінше, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі 3,9 трлн теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда (3,3 трлн теңге) 8,1%-ға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 2,1 есеге өсіп, 389,4 млрд теңгеге жетті (2024 жылы — 182,7 млрд теңге).
«2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қайта өңделген өнім экспорты 3,2 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 33,8%-ға жоғары. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешен экспортының жалпы көлеміндегі қайта өңделген өнімнің үлесі 52%-ды құрайды. Мұның бәрі өндірісті әртараптандыруға және қосылған құны жоғары өнім үлесін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың нәтижесі», — деді Сапаров.




