Астана. 21 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинян арасындағы келіссөздер нәтижесінде, дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарын салуға арналған жер телімдерін өзара ұсыну туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды, деп хабарлайды жұма күні Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек, тараптар құпия мәліметтерді беру, пайдалану, қорғау және сақтау тәртібіне қатысты үкіметаралық келісімді; Қазақстан Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Армения Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық мектебі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді бекітті.
Сонымен қатар, Қазақстан мен Арменияның сыртқы істер министрліктері арасында 2026–2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары қабылданды; сондай-ақ, екі елдің денсаулық сақтау министрліктері арасындағы ынтымақтастықты дамытудың негізгі іс-шаралар жоспары бекітілді.
Тараптар сондай-ақ келесі бағыттар бойынша меморандумдарға қол қойды: Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы мен Арменияның Ұлттық кітапханасы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі; «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Арменияның Кино қоры арасындағы серіктестік бойынша; А. Қастеев атындағы Қазақстанның Мемлекеттік өнер музейі мен Арменияның Ұлттық галереясы арасындағы өзара әрекеттестік жөніндегі; Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Армения Республикасының Білім, ғылым, мәдениет және спорт министрлігі арасындағы ғылым және жоғары білім саласындағы әріптестік жөніндегі.
Құжаттарға екі ел басшылары – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинянның қатысуымен ресми делегация мүшелері қол қойып, олармен алмасу рәсімі өтті.




