Астана. 27 ақпан. Интерфакс-Қазақстан – Астанада Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сербия президенті Александр Вучич өткізген келіссөздердің нәтижесі бойынша бірнеше құжатқа қол қойылды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметі. Мемлекеттер басшыларының қатысуымен екі елдің денсаулық сақтау министрліктері арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум, сондай-ақ Қазақстанның Бас прокуратурасы мен Сербияның Әділет министрлігі арасындағы әріптестік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бұдан бөлек, Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Сербияның Ақпарат және телекоммуникациялар министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандум, сондай-ақ цифрландыру және электрондық үкіметті дамыту саласындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Сербияның Ақпараттық технологиялар және электрондық үкімет басқармасы қол қойды.
Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сербияның Ауыл шаруашылығы, орман және су шаруашылығы министрлігі ветеринария саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум жасасты. Сонымен қатар екі ел үкіметтері кино саласындағы және материалдық емес мәдени мұраны қорғау бағытындағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік меморандумдарын бекітті. Бұған қоса, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы мен Сербияның Даму агенттігі арасында өзара түсіністік туралы меморандум, сондай-ақ Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Сербия Дипломатиялық академиясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.




