Астана, 25 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Банктер және банк қызметі туралы» заң қаралып, Сенаттың енгізген түзетулерімен Мәжіліске кері қайтарылды.
Сенатор Сергей Карплюктің айтуынша, заң жобасын талқылау барысында бірқатар бағыттар бойынша нақтылау мен толықтыру енгізу қажеттілігі туындаған.
Атап айтқанда, базалық банк лицензиясынан әмбебап лицензияға көшу кезінде сақталуы тиіс пруденциялық нормативтер мен шектеулерді нақтылау, Қазақстан Республикасының резиденті емес ислам банкі филиалының жекелеген инвестициялық қызмет түрлерін жүзеге асыру құқығын белгілеу, сондай-ақ тәуелсіз директор болуға үміткер тұлғаларға қойылатын талаптарды айқындау ұсынылған.
Сонымен қатар, банк тарапынан қарыз алушыдан орталық депозитарийде немесе клирингтік ұйымдарда орналасқан, банкаралық төлемдер мен аударымдардың үздіксіз орындалуын қамтамасыз етуге арналған ақша қаражаты мен бағалы қағаздарды өндіріп алуға тыйым салу жөніндегі норма енгізілді.
Сенаттың өзге түзетулері банк құпиясын сақтау талаптарын мемлекеттік қазынашылыққа да қолдану, деректер витринасын енгізудің мақсаттарын, оның қамтуы тиіс ақпарат тізбесін нақтылау, сондай-ақ жеке деректерді қорғау және банк құпиясын сақтау міндеті жүктелетін тұлғалар шеңберін кеңейтуге қатысты.
Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мадина Әбілқасымова бұл заң банктік жүйенің жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін қалыптастыратынын, банк қызметін реттеу, бақылау және қадағалау тетіктерін белгілейтінін, салымшылардың, өзге де кредиторлар мен клиенттердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталғанын атап өткен болатын.
Сонымен қатар, құжат банк қызметтері нарығында адал бәсекелестікті дамытуға, халықтың қаржылық сауаттылығы мен банк қызметтеріне қолжетімділігін арттыруға ықпал етуге тиіс.
Банк қызметін лицензиялау талаптарын ырықтандыру арқылы нарықтағы шоғырлануды төмендету және бәсекелестікті күшейту көзделген. Осы мақсатта базалық және әмбебап лицензиялар енгізіледі. Базалық лицензия операциялар көлемі мен реттеушілік талаптардың деңгейі бойынша әмбебап лицензиядан ерекшеленеді. Мұндай банктер үшін активтердің ең жоғары мөлшеріне және меншікті капиталдың ең төменгі деңгейіне шектеулер белгіленеді.
Қазіргі кезеңде активтердің ең жоғары көлемі 500 млрд теңгемен, ал меншікті капиталдың ең төменгі мөлшері 10 млрд теңгемен шектелуі жоспарланып отыр.
Заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – цифрлық қаржы активтерінің айналымына рұқсат беру және оларды активтердің жаңа түрі ретінде құқықтық реттеу. Осыған байланысты цифрлық қаржы активтерінің үш санаты енгізіледі.
Бірінші санат – негізі ақша болып табылатын цифрлық қаржы активтері, яғни тұрақты цифрлық валюталар. Оларды шығару, айналымға енгізу және өтеу тәртібі Ұлттық банк арқылы айқындалады.
Екінші санат – негізі қаржы құралдарына, мүліктік құқықтарға, тауарларға немесе өзге де мүлікке байланысты цифрлық активтер.
Үшінші санат – цифрлық платформада электрондық нысанда шығарылатын қаржы құралдары.
Сонымен қатар, цифрлық активтердің тағы бір түрі – криптовалюталар реттеледі. Криптовалюта айырбастау ұйымдарын құру көзделіп, олардың қызметі Ұлттық банк тарапынан лицензияланып, қадағаланатын болады.
Заң банктерге цифрлық технологиялар, электрондық сауда, киберқауіпсіздік, биометрия, жасанды интеллект және телекоммуникациялар салаларында еншілес ұйымдар құруға немесе оларды сатып алуға мүмкіндік береді.
Баламалы қаржыландыру тетіктерін дамыту мақсатында әмбебап банктерге қолданыстағы лицензия шеңберінде ислам банкингі операцияларын жүзеге асыру құқығы беріледі. Бұл банктерге жеке ислам банкін құрмай-ақ, өз құрылымында арнайы бөлімшелер ашуға мүмкіндік береді.
Үшінші тұлғалардың атына кредит рәсімдеуге жол бермейтін талаптар енгізіледі. Банкте алғаш рет шот ашу кезінде биометриялық сәйкестендіру Ұлттық банктің биометриялық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Ал алғашқы кредит алу кезінде биометриялық растау тек банкке немесе микроқаржы ұйымына жеке келген жағдайда жүргізіледі.
Сондай-ақ соттан тыс банкроттық рәсімі жеделдетіледі. Банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (6,2 млн теңге) аспайтын және міндеттемелерін орындау мерзімі 5 жылдан асқан азаматтар үшін рәсім 6 айдан 1 айға дейін қысқартылады. Бұл шара 350 мыңнан астам азаматты қамтуы мүмкін.
Бірнеше кредиттік ұйым алдында қарызы бар азаматтарға қаржы омбудсмені жанындағы платформа арқылы ұжымдық реттеу мүмкіндігі беріледі.
Сонымен қатар, жеке тұлғалардың берешегін коллекторлық ұйымдарға сатуға қойылған мораторий 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды.
Осы заңмен қатар Сенат «Қаржы нарығын, байланыс саласын және банкроттықты реттеу мен дамыту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын да Мәжіліске қайтарды. Сенаторлар жүйелік маңызы бар немесе тұрақтандыру банктерінің акцияларын сатып алу тек мемлекеттік қаражат есебінен жүзеге асырылуы тиіс деген ұсыныс енгізді.
Сондай-ақ микроқаржылық және коллекторлық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымдардың қаржылық қызметтер тұтынушыларының өтініштерін қарау мерзімдерін белгілеу және мұндай өтініштер қаржы омбудсменіне түскен жағдайда оларды қарау тәртібін нақтылау ұсынылды.




