Астана. 28 қазан. Интерфакс-Қазақстан – Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Энерго» компаниясына Семей және Өскемен қалаларында жылу электр орталықтарын салуға дайындық жұмыстарын 2026 жылғы наурыз айының соңына дейін толық аяқтауды тапсырды.
«“Самұрық-Энерго” компаниясына келесі жылдың наурыз айының соңына дейін Семей және Өскемен қалаларындағы ЖЭО құрылысына кірісу үшін барлық қажетті дайындық шараларын аяқтауды тапсырамын», – деді үкімет басшысы сейсенбі күні Үкімет отырысында.
Ол жобаларды іске асыру кезінде зиянды қалдықтар бойынша озық экологиялық стандарттардың қатаң сақталуы қажет екенін ерекше атап өтті.
Энергетика министрі Ерлан Әккенженовтың айтуынша, министрлік пен «Самұрық-Энерго» АҚ тікелей келісімдер аясында Көкшетау (240 МВт), Семей (360 МВт) және Өскемен (360 МВт) қалаларында ЖЭО салу жұмыстарын жүргізуде. Құрылыста түтін газдарын тазарту және ауыр металдарды ұстаудың заманауи технологиялары қолданылады.




