Астана. 16 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және 2026 жылы азаматтарды кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы жарлыққа қол қойды. Жарлық мәтіні дүйсенбі күні мемлекет басшысының сайтында жарияланды.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың наурыз–маусым және қыркүйек–желтоқсан айларында Қарулы күштер, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Мемлекеттік күзет қызметі қатарынан белгіленген мерзімін өтеген мерзімді әскери қызметшілер запасқа шығарылады.
Сол кезеңдерде мерзімді әскери қызметке шақырудан кейінге қалдыру немесе босату құқығы жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтар әскерге шақырылады.
Осы жарлықпен жергілікті атқарушы органдарға азаматтарды әскери басқару органдары арқылы әскерге шақыруды ұйымдастыру және өткізуді қамтамасыз ету тапсырылды.
Үкіметке, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Мемлекеттік күзет қызметіне азаматтарды мерзімді әскери қызметке жіберу мен белгіленген мерзімін өтеген әскери қызметшілерді запасқа шығару үшін қаржылық және материалдық қамтамасыз етуді ұйымдастыру міндеті жүктелді.
Жарлық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.




