Астана. 15 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыста бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндігіне үміт білдіріп, АҚШ көшбасшысы Дональд Трамптың Бейбітшілік кеңесін құру туралы бастамасын қолдады.
«Ең алдымен, Америка Құрама Штаттарының президентіне үлкен құрметпен қарайтынымды айтқым келеді. Оның ақылға қонымды ұстанымдарға негізделген стратегиясы өте дұрыс деп санаймын және қолдауға лайық. Бейбітшілік кеңесі туралы айтқанда, мені бұл бастаманың идеясы, халықаралық күн тәртібіндегі ең күрделі мәселелерді шешуге бағытталған жаңашыл тәсілі қызықтырды», – деді Тоқаев брифингте.
Президенттің айтуынша, бұл бастама дәстүрлі дипломатия мен ірі бизнестің мүмкіндіктерін үйлестіруді көздейді және әсіресе Газа секторындағы қарапайым адамдарға нақты пайда әкелуі тиіс.
«Әлем халықтары шексіз конференциялардан шаршады. Онда игі ниетке толы қарарлар қабылданады, бірақ оларды санаулы ғана адам оқиды. Сондықтан мен бұл идеяны қолдауды қажет деп санаймын, өйткені ол жаңа тәсілді ұсынады», – деді Тоқаев.
Оның пікірінше, президент Трамп «жеке тұлға ретінде күшті әсер қалдырады».
«Ол – батыл көшбасшы. Таяу Шығыста, әсіресе Палестинада бейбітшілікке қол жеткізу мүмкіндігі әлі де бар деп сенемін. Бұл бастаманың болашағы табысты болады деп шын жүректен үміттенемін», – деді Тоқаев.




