Астана, 26 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркі мемлекеттері ұйымының азаматтық қорғау тетігін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.
Құжаттың мақсаты – Түркі мемлекеттері ұйымына мүше және бақылаушы елдер аумағында, сондай-ақ өзге мемлекеттерде туындауы мүмкін табиғи апаттар мен төтенше жағдайларға бірлесіп әрекет ету тетігін қалыптастыру.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Кеген Тұрсынбаев атап өткендей, келісім төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында тиімді халықаралық өзара іс-қимыл жүйесін құруға бағытталған. Көмек зардап шеккен мемлекеттің сұрауы бойынша және ерікті негізде көрсетіледі, ал тиісті шешімдер консенсус арқылы қабылданады.
Азаматтық қорғау тетігінің негізгі функцияларына жедел әрекет ету, адамдардың өмірі мен мүлкін құтқару, медициналық көмек көрсету, шұғыл байланыс орнату, мониторинг пен талдау жүргізу, уақытша баспанамен қамтамасыз ету, гуманитарлық көмек көрсету, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алу мен дайындықты қамтамасыз ету және тәжірибе алмасу кіреді.
Әкімшілік жұмыс органдары ретінде министрлер кеңесі мен хатшылық белгіленген, оның штаб-пәтері Ыстамбұл қаласында орналасады. Министрлер кеңесін Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ететін елдің төтенше жағдайлар жөніндегі ведомствосының басшысы басқарады.
Келісімде тараптардың қаржылық міндеттемелері де қарастырылған. Азаматтық қорғау тетігінің жеке бюджеті болады, ол қатысушы мемлекеттердің жыл сайынғы міндетті жарналары есебінен қалыптастырылады. Әр тарап үшін жылдық жарна көлемі 50 мың АҚШ долларын құрайды. Ал келісім күшіне енген алғашқы екі жыл ішінде көрсетілген жарналардан асатын шығындарды Түркия Республикасы өтейтін болады.




