Евразия24ЖаңалықтарҚазақстанда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілді

Қазақстанда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қаржы министрлігінің қарамағына берілді

|

|

Астана. 16 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов барлық қаржы ағындарын бақылау мақсатында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын (ӘМСҚ) Қаржы министрлігінің қарамағына беруді тапсырды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Мұндай шешім медициналық ұйымдарды қаржыландыруда көптеген бұзушылықтарды анықтаған тексеру қорытындылары бойынша қабылданды.

«Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша Қаржы министрі Мади Такиев бюджет шығыстарының өсуіне қарамастан (2026 жылы бұл мақсаттарға жұмсалатын шығындар 2,4 трлн теңгені құрайды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 1 трлн теңгеге көп) Қор қызметінің тиімділігі артпай отырғанын баяндады. Сонымен қатар 2020 жылдан бері жинақталған инвестициялық табыс 588 млрд теңгені құрады, оның ішінде тек 2025 жылдың өзінде 195,9 млрд теңге алынған. Талдауға сәйкес, қаражаттың едәуір бөлігі Қор активтерінде жинақталып, медициналық қызмет көрсетуге бағытталмай отыр», – делінген хабарламада.

Қаржы министрлігі жүргізген медициналық қызметтерді көрсетуге арналған ақпараттық жүйелердің IT-аудиті бірқатар жүйелі бұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, жалған пациенттерді тіркеу (тіркелген контингент 1 мың адам болғанымен, іс жүзінде шамамен 500 адам ғана жүгінеді, алайда төлем толық контингент үшін жүргізіледі); азаматтарға тән емес медициналық қызметтер көрсету; міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және жұмыс берушілердің ерікті медициналық сақтандыруы есебінен бір қызметті екі рет қаржыландыру; қысқа мерзімде медициналық қызметтердің аномальды көлемде көрсетілуі; қайтыс болған азаматтарға қызмет көрсету; балаларға тәулігіне мыңнан астам дәрі-дәрмек жазып беру және басқа да фактілер тіркелген.

Сондай-ақ талдау екі кең таралған қосарланған қаржыландыру жағдайын көрсетті. Біріншісі – жекеменшік медициналық ұйымдардың бір мезгілде жұмыс берушінің ерікті медициналық сақтандыруы және ӘМСҚ қаражаты есебінен төлем алуы. Екіншісі – бір пациенттің бір күндері екі түрлі медициналық ұйымға қатар тіркелуі.

Бұдан бөлек, салық органдары медициналық ұйымдар басшыларына камеральдық бақылау жүргізіп, олардың табыстары мен сатып алған мүліктерін талдады. Нәтижесінде 2024–2025 жылдары 1465 басшы 5 мыңнан астам жылжымайтын мүлік нысанын, ал 912 адам 1416 автокөлік сатып алғаны анықталды. Кейбір жекеменшік клиника басшылары екі жыл ішінде әрқайсысы 52-ден 124-ке дейін жылжымайтын мүлік және 14-тен 24-ке дейін автокөлік сатып алған.

Сонымен қатар Қор мен Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінің, сондай-ақ нормативтік-құқықтық базасының бытыраңқылығы атап өтілді. Пациенттер мен медициналық ұйымдар бойынша бірыңғай дерекқордың болмауы қолданыстағы нормативтік базаның көп жағдайда түпкі нәтижеге – халыққа медициналық көмек көрсетуге емес, жекелеген ұйымдардың (ӘМСҚ, «СҚ-Фармация») функцияларына бағытталуына әкелген.

Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы, жабдықталуы мен кадрлық талаптары бастапқы расталғаннан кейін кейінгі бақылау іс жүзінде жүргізілмейді. Алдын алу сипатындағы бақылау тетіктері қалыптастырылмаған, бұл МӘМС және ТМККК қаражатын мақсатсыз пайдалануды уақтылы болдырмауға мүмкіндік бермейді. Қаражатты үнемдеуге ынталандыру жоқ: үнемделген қаражатты бюджетке қайтару құралдары көзделмеген. Нәтижесінде тиімділікке емес, қаражатты игеруге бағытталған мотивация қалыптасқан.

Тариф қалыптастыру саласында да бірқатар мәселелер анықталды. Жүйеде 3 мыңнан астам тариф қолданылады, бұл медициналық қызметтерді көрсету кезінде әкімшілендіру мен бақылауды едәуір қиындатады.

Қаржы министрлігіне аталған барлық фактілер бойынша материалдарды процессуалдық шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолдау, денсаулық сақтау жүйесінің бизнес-процестерін Қаржы министрлігінің платформалары негізінде толық цифрландыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ ӘМСҚ активтерін орналастыру мен инвестициялық табыс алу стратегиясының параметрлерін қайта қарау арқылы негізсіз қаржыландыруды тоқтату тапсырылды.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

ICE агенттері Италиядағы Олимпиада қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатыспайды

АҚШ-тың Иммиграциялық және кедендік полициясының (ICE) қызметкерлері Италияда өтетін алдағы қысқы Олимпиада ойындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатыспайды.

Ақ үй Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін әзірледі

АҚШ әкімшілігі Ресейге қатысты жаңа санкциялар пакетін дайындауды аяқтаған, бірақ оларды күшіне енгізу жөнінде әзірге нақты нұсқаулар берілмеген.

Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін биыл Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

Пәкістан Қазақстан үшін Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктес, екі елдің көпқырлы ынтымақтастықты кеңейтуге толық мүмкіндігі бар.

Қаңтар айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік 50,8 пунктке дейін жақсарды

Қаңтар айында Қазақстандағы іскерлік белсенділік оң аймаққа қайта шығып, 50,8 пунктті құрады. Бұл туралы елдің Ұлттық банкінің баспасөз қызметі хабарлады.