Астана. 24 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Сенбі күні Астанада Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Қазіргі таңда комиссияның қарауында азаматтардан түскен 2 мыңнан астам ұсыныс бар екенін комиссия төрағасы Эльвира Азимова мәлімдеді.
«Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін жұмыс тобы мүшелерінен бөлек, азаматтар тарапынан 2 мыңнан астам ұсыныс келіп түсті», – деді Э. Азимова отырыс барысында.
Оның айтуынша, Конституциялық комиссияны кеңейтілген форматта құру жұмыс тобының қызметінің қисынды жалғасы болып табылады әрі бірнеше айға созылған қоғамдық талқылаулар нәтижесінде қалыптасқан ауқымды қоғамдық сұранысқа берілген жауап саналады.
«Конституциялық реформаға қатысты өз бастамаларын барлық саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, бизнес құрылымдар, сондай-ақ заңгер-ғалымдар мен сарапшылар ұсынды. Осыған байланысты Конституциялық комиссияның құрылуын салалық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің кезеңі ретінде қарастырған жөн», – деп атап өтті ол.
Э. Азимова Конституциялық комиссияның алдында «ерекше миссия тұрғанын – бір жағынан, конституциялық құрылыстың іргелі қағидаттарын сақтай отырып, екінші жағынан, заманауи сын-қатерлерге қатысты көзқарасты лайықты түрде айқындауға мүмкіндік беретін Негізгі заңды тиісті деңгейде қайта баптау» міндеті тұрғанын атап өтті.
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияны (Конституциялық комиссияны) құру туралы Жарлыққа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 21 қаңтарда қол қойды. Комиссия төрағасы болып Қазақстан Конституциялық сотының төрағасы Эльвира Азимова тағайындалды. Төрағаның орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Конституциялық комиссияның хатшысы болып Президент әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі Айдар Жарылғанов тағайындалды.
Комиссия құрамына Парламент депутаттары, мәслихат төрағалары, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың өкілдері, өңірлік қоғамдық кеңестердің мүшелері, сондай-ақ сараптамалық және ғылыми қауымдастық өкілдері кірді.
Комиссияның негізгі міндеті – конституциялық реформаға қатысты ұсыныстарды әзірлеу, оларды жүйелеу және нақты өзгерістер жобасын дайындау. Осыдан кейін жалпыұлттық референдум өткізу мерзімі айқындалатын болады.
Қазақстан халқына 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Парламент құру мүмкіндігін зерделеуді және бұл мәселені референдумға шығаруды ұсынған болатын. Ол бұл реформаның айрықша сипатын ескере отырып, азаматтық секторда, сарапшылар қауымдастығында және қолданыстағы Парламентте талқылаулар кемінде бір жылға созылатынын, «осыдан кейін 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізіп, одан соң Конституцияға қажетті өзгерістер енгізуге болатынын» атап өткен еді.
20 қаңтарда өткен құрылтайда Президент жаңа бір палаталы Парламенттің «Құрылтай» (Жиналыс) деп аталатынын мәлімдеді. Ол 145 депутаттан тұрады, 8 комитеті болады және өкілеттік мерзімі – бес жыл. Сонымен қатар партиялар үшін 5 пайыздық сайлау шегі сақталады, Президенттік квота мен Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жойылады.
Бұдан бөлек, Тоқаев вице-президент институтын енгізуді ұсынды. Вице-президент Қазақстанның халықаралық форумдар мен шетелдік мемлекеттер делегацияларымен жүргізілетін келіссөздердегі мүдделерін білдіретін болады, Президенттің Парламенттегі өкілі қызметін атқарады, отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ Президенттің өзге де тапсырмаларын орындайды.
Президенттің айтуынша, бұл реформа Конституцияға елеулі көлемде түзетулер енгізуді көздейді және мазмұны жағынан елдің жаңа Негізгі заңын қабылдаумен шамалас.




