Астана. 6 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан тауық жұмыртқасын, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінен әкелуге алты ай мерзімге қайтадан тыйым енгізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы республиканың Үкіметі хабарлады.
Тиісті бұйрықты Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдайды.
Хабарламада айтылғандай, елдің азық-түлік және экономикалық қауіпсіздігіне ықпал ететін мәселелер Сыртқы сауда және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралған.
Үкіметтің мәліметінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 70 құс фабрикасы жұмыс істейді. Оның ішінде 34-і жұмыртқа өндіруге, 29-ы ет бағытындағы өнім шығаруға, ал 7 кәсіпорын асыл тұқымды репродукцияға маманданған.
2025 жылы Қазақстанда тағамдық тауық жұмыртқасының өндірісі 2,4%-ға өсіп, 4,569 млрд данаға жеткен. Ішкі нарықтың қажеттілігінің 98%-ы отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етіледі.
Қазақстан отандық өндірушілерді қолдау мақсатында тауық жұмыртқасының импортына уақытша шектеулерді кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Мәселен, 2025 жылдың сәуірінде де елге сатуға арналған тауық жұмыртқасын әкелуге алты ай мерзімге тыйым салынған болатын.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндіруінше, көктем мен жаз айларында Қазақстанда жұмыртқаға сұраныс төмендейді, ал нарықтағы қажеттілік құс фабрикалары мен жеке шаруашылықтар өндірген өнім есебінен толық қамтамасыз етіледі. Осы кезеңде жұмыртқа бағасы төмендеп, бұл кәсіпорындардың табыстылығына кері әсер етеді.
Сонымен қатар жылы мезгілде жұмыртқаның сақтау мерзімі қысқарады. Өндіріс көлемі технологиялық ерекшеліктерге байланысты азаймайтындықтан, қоймаларда өнімнің жиналып қалу қаупі туындайды.
Бұған дейін күзгі-қысқы кезеңде де тауық жұмыртқасының импортына бір ай мерзімге ұқсас шектеулер енгізілген болатын.




