Астана. 4 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Мәжіліс депутаттары сәрсенбі күні өткен жалпы отырыста 1993 жылғы 22 қаңтардағы Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жөніндегі заңды қабылдады.
Құжатқа тараптар 2025 жылғы 26 маусымда қол қойған.
Мәжілістің бейінді комитетінің мәліметінше, енгізілген түзетулерге сәйкес кәмелетке толмаған балаларға алимент өндіру туралы сот бұйрықтары Минск конвенциясына қатысушы мемлекеттердің аумағында танылуға және мәжбүрлі түрде орындалуға тиіс сот актілерінің тізіміне енгізіледі.
«Бұл өзгерістер кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – делінген қорытындыда.
Хаттаманы ратификациялау мемлекетаралық қатынастарда сот бұйрықтарын орындау кезінде туындайтын құқықтық белгісіздікті жоюға, сондай-ақ баланың құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Құжат азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету бағытындағы көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға да ықпал етеді.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары 2002 жылғы 7 қазанда қабылданған Азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы конвенцияға өзгерістер енгізу жөніндегі хаттаманы ратификациялауды да мақұлдады.
Бұл хаттама кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған. Енгізілген түзетулерге сәйкес алимент өндіру туралы сот бұйрықтары Кишинёв конвенциясына қатысушы мемлекеттердің аумағында да танылып, орындалатын болады.




