Астана. 21 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи орденін мемлекеттік наградалар тізіміне енгізу туралы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді.
«Ұлттық құрылтайдың бір отырысында мен Қожа Ахмет Ясауи туралы айтқан едім. Біз бұл әлемге танымал ойшылды, ең алдымен, қазақ халқының көрнекті өкілі ретінде қабылдауымыз керек. Оның мұрасын әлемнің түкпір-түкпірінде кеңінен насихаттау қажет», – деді Тоқаев.
Президенттің пікірінше, бұл тарихи тұлғаға арналған сапалы кітаптар мен фильмдер түсіріліп, барлық өңірлерде оның бірегей рухани мұрасын насихаттауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуы тиіс.
«Жақын уақытта Қожа Ахмет Ясауи орденін мемлекеттік наградалар тізіміне енгізу туралы жарлыққа қол қоямын. Бұл жоғары марапат отандық және шетелдік белгілі ғалымдарға, мемлекеттік және қоғам қайраткерлеріне беріледі. Бұл орденнің мәртебесі жоғары болуы тиіс деп есептеймін», – деді мемлекет басшысы.




