Мәскеу. 12 ақпан. ИНТЕРФАКС – Қытай билігі Еуропалық одақтан импортталатын сүт өнімдеріне қатысты баж саясатын жұмсартып, бір жарым жылға созылған тексеру қорытындысы бойынша түпкілікті шешім қабылдады.
ҚХР Сауда министрлігінің мәліметінше, баж мөлшерлемесі өнім түрі мен экспорттаушыға байланысты 7,4%-дан 11,7%-ға дейін белгіленеді. Бұл шаралар жұма күнінен бастап бес жыл мерзімге енгізіледі.
Еске салсақ, желтоқсан айында Қытай Сауда министрлігі жүргізілген тексерудің алдын ала нәтижелері ЕО-дағы сүт өнеркәсібіне субсидия берілгенін көрсеткенін хабарлаған болатын. Осыған байланысты 23 желтоқсаннан бастап аймақтан әкелінетін сүт өнімдеріне 21,9–42,7% аралығында баж салығы енгізілген еді.
Қытай тарапы 2024 жылы Еуропадан жеткізілетін сүт өнімдері мен өзге де тауарларға, соның ішінде шошқа етіне қатысты тексеру бастаған. Бұл қадам Еурокомиссия Қытайдың электр көліктеріне қосымша баж енгізу ниетін жариялағаннан кейін қолға алынған.
Сауда министрлігінің түпкілікті шешімі бойынша баж мөлшерлемесінің төмендетілуі Бейжің мен Брюссель арасындағы экономикалық қатынастардың біртіндеп тұрақтанып келе жатқанын білдіретін белгі ретінде бағалануда.




