МӘСКЕУ. 17 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН — Counterpoint Research сараптамалық компаниясының мәліметінше, Apple смартфондарына деген сұраныс Қытайда биылғы үшінші тоқсанның алғашқы екі айында (шілде-тамыз) былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6%-ға төмендеген.
Мамандар бұл көрсеткіштің жаңа iPhone таныстырылымы алдында әдеттегіден де әлдеқайда төмен екенін атап өтті.
Өткен аптада Apple компаниясы бірнеше жаңа өнімін таныстырды. Олардың арасында бүгінде шығарылған ең жеңіл әрі ықшам iPhone бар. Сондай-ақ жаңартылған камерамен жабдықталған Pro нұсқалары да көрсетілді. iPhone 17 Air деп аталатын жаңа құрылғының қалыңдығы небәрі 5,6 мм — бұл қазіргі модельдерден біршама жіңішке. Бастапқы бағасы — 999 доллар.
Қытайдың смартфон нарығында да жалпы белсенділік бәсеңдеген: шілде-тамыз айларында сатылым көлемі былтырмен салыстырғанда 2%-ға азайған.
Қазіргі таңда Apple Қытай нарығының шамамен 12 пайызын иеленіп отыр. Ал Xiaomi, Oppo және Huawei компанияларының үлесі — әрқайсысы 16 пайыздан, ал нарықтағы көшбасшы – Vivo, оның үлесі 19 пайыз.