Астана. 27 ақпан. Интерфакс-Қазақстан – Сербия қазақстандық компаниялардың, әсіресе құрылыс саласындағы, бірлескен жобаларға қатысуын кеңейтуге мүдделі. Бұл туралы Сербия президенті Александр Вучич Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде айтты.
Қазақстан басшысының баспасөз қызметінің хабарлауынша, Вучич Белградтың Астанамен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
«Біз Қазақстан ұсынып отырған бірқатар жобаларды іске асыруға әзірміз. Олар тек Сербия үшін ғана емес, Еуропаның осы бөлігіндегі бүкіл өңір үшін флагмандық бастамаларға айнала алады», – делінген хабарламада келтірілген Сербия президентінің сөзінде.
Сондай-ақ Вучич Белградтың Қазақстаннан сенімді құрылыс компаниялары мен инвесторларды тартуға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл Сербияның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ мәдени және туристік байланыстардың дамуына серпін береді.
Оның сөзінше, Сербия қазақстандық кәсіпкерлердің ел экономикасына инвестиция салуға деген қызығушылығын қолдауға ниетті.
Сонымен қатар Вучич Қазақстандық SCAT әуе компаниясына әуе кеңістігінің бесінші еркіндік деңгейін беру мәселесі әлі шешімін таппағанын мойындап, бұл мәселені өзара келіссөздер арқылы реттеуге болатынына сенім білдірді.




