АСТАНА. 1 қараша. ИНТЕРФАКС–ҚАЗАҚСТАН.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, швейцариялық Harvest Agro компаниясы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі жобаларды дамытуға $700 миллионнан астам инвестиция бағыттауды көздеп отыр.
Бұл жөнінде компанияның бас директоры Даулет Увашев Астанада өткен “Қазақстандық жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел – 2025” (KGIR-2025) аясында мәлімдеді.
«Біз соядан концентрат пен аминқышқылдарын өндіреміз. Шрот пен күнжара мал азығына пайдаланылады. Ал техникалық қарасорадан құрылыс секторына арналған панельдер, оқшаулағыш материалдар мен құрылыс тақтайшаларын шығару жоспарлануда. Өндіріс терең қайта өңдеуге негізделетін болады. Шикізат ішкі нарыққа да, экспортқа да жөнелтіледі», – деді Увашев.
Оның айтуынша, компания Қазақстан нарығында 2022 жылдан бері жұмыс істейді, жер және элеватор сатып алған, сондай-ақ Қызылорда облысында 20 мың гектар жерге егін егу арқылы жобаның алғашқы кезеңін іске асыруды бастаған. Бұл аумақта техникалық қарасора, жүгері және соя өсірілмек.
Компания алдағы уақытта Қазақстанның 8–9 өңірінде 300 мың гектарға дейін суармалы жерлерді игеруді жоспарлап отыр.
Жобаның екінші кезеңі 2026 жылдан басталады. Осы кезеңде Алматы, Шығыс Қазақстан, Абай және Жетісу облыстарында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін зауыттар салу және әр өңірде 50 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жоспарланып отыр.
Өнімнің негізгі бөлігі Қазақстан ішкі нарығына бағытталады, бір бөлігі шетелге экспортталатын болады.
Бұған дейін Kazakh Invest пен Harvest Agro Holding (Harvest Group SA құрамына кіреді, бас кеңсесі Швейцарияда орналасқан) арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалғаны хабарланған болатын. Жоба аясында заманауи су үнемдеу технологиялары мен инфрақұрылымдық шешімдерді қолдана отырып, 300 мың гектарға дейінгі пайдаланылмай жатқан және жайылымдық жерлерді суармалы егістікке кезең-кезеңімен айналдыру көзделіп отыр.
Бірінші кезеңде 150 мың гектар жерді игеру жоспарланған. Осы кезеңге жоспарланған жалпы инвестиция көлемі шамамен $500 миллионды құрайды.
Harvest Group SA компаниясының ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, холдингтің негізін қалаушы – қазақстандық кәсіпкер Алмаз Әлсенов. Harvest Group SA – халықаралық деңгейде шикізат тауарларымен сауда жүргізуде мол тәжірибесі бар швейцариялық сауда компаниясын біріктіретін басқарушы холдинг. Компания шикізатты өңдеу, сақтау, тасымалдау және өткізу салаларындағы активтерін белсенді түрде кеңейтіп келеді.




