Евразия24ЖаңалықтарS&P Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне көтерді

S&P Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне көтерді

|

|

Астана. 22 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-» деңгейінен «BBB»-ге көтерді. Болжам – «тұрақты».

Агенттік бағалауында Қазақстан мұндай көрсеткішке 2016 жылдан бері алғаш рет қол жеткізіп отыр.

S&P мәліметінше, рейтингтің жоғарылауына ел экономикасының тұрақты өсу мүмкіндігі, сондай-ақ сыртқы және бюджеттік резервтердің жеткілікті болуы негіз болған. Бұл қорлар алдағы уақытта туындауы ықтимал экономикалық күйзелістердің әсерін азайтуға мүмкіндік береді.

Агенттік 2026 жылы Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі 5,1%-ға өседі деп болжап отыр. Ал 2027–2029 жылдары экономиканың жылдық өсімі 4–4,5% шамасында болады.

S&P құрылыс пен өңдеу өнеркәсібіндегі өсімнің қарқын алғанына назар аударды. Сонымен қатар алдағы жылдары бюджет шығыстарын реттеу, ірі мемлекеттік компаниялар арқылы жүзеге асырылатын квазибюджеттік операцияларды қысқарту және қаржы нарығындағы тәуекелдерді шектеуге бағытталған талаптарды күшейту экономикалық өсімді біршама баяулатуы мүмкін.

Агенттік болжамы бойынша, 2027–2029 жылдары Қазақстан экономикасы орта есеппен жылына шамамен 4% өседі. Бұл – шикізат экспорттайтын көптеген елдердің көрсеткішінен жоғары.

S&P Қазақстанның қолма-қол пайдалануға болатын мемлекеттік активтерінің көлеміне де тоқталды. Мемлекеттік депозиттер мен Ұлттық қордың сыртқы өтімді активтерін қоса есептегенде, олардың көлемі алдағы төрт жылда ЖІӨ-нің шамамен 21%-ы деңгейінде сақталады деп күтілуде.

Агенттік экономиканың өсуі бюджет тапшылығын азайтуға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. 2026 жылдың алғашқы жартысында республикалық бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 1,2%-ын құрады. Жыл қорытындысына белгіленген меже – 2,5%.

S&P есебінше, қабылданып жатқан бюджеттік шаралар мен шикізат нарығындағы қолайлы баға жағдайының арқасында 2026–2029 жылдары мемлекеттік бюджет тапшылығы орта есеппен ЖІӨ-нің 1,2–1,3%-ы көлемінде болады. Бұған дейін агенттік тапшылықты 2,3% деңгейінде болжаған. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,7% болған.

Мұнай Қазақстан экономикасындағы негізгі салалардың бірі болып қала береді. S&P дерегіне сәйкес, мұнай секторы елдің жалпы ішкі өнімінің шамамен 15%-ын құрайды, мемлекеттік бюджет кірісінің 30%-дан астамын қамтамасыз етеді және экспорттың жартысынан көбі осы салаға тиесілі.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстанға шипа іздеп келетіндер көбейді

Қазақстан медициналық туризм нарығындағы өз орнын нығайтып, өңірдегі медициналық хабтардың біріне айналуды көздеп отыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бүгінде медициналық көмек алу үшін Қазақстанға шамамен 50 елден науқастар нөпірі байқалады.  Былтыр еліміз 80 мыңға жуық шетелдік емделуші қабылдап, емдік шаралар жүргізіпті.

Ирак мұнай өндірісін тәулігіне 10 млн баррельге дейін ұлғайтпақ

Ирак үкіметі алдағы алты жылда мұнай өндірісін тәулігіне 8–10 млн баррельге дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осыған байланысты Бағдад ОПЕК аясында елге бөлінетін өндіріс квотасын қайта қарауды көздейді. Бұл туралы жұма күні Ирак премьер-министрі Әли аз-Зейди мәлімдеді.

Ирак билігі қарулы топтармен мәселені келіссөз арқылы шешуге ниетті

Ирак үкіметі билікке бағынбайтын қарулы топтарға қарсы күш қолдануды жоспарлап отырған жоқ. Бұл туралы жұма күні ел премьер-министрі Әли аз-Зейди мәлімдеді.

Hyundai Motor қызметкерлері он жылдан бері алғаш рет жаппай ереуілге шықты

Hyundai Motor қызметкерлері жұма күні 2016 жылдан бері алғаш рет бір күндік жаппай ереуіл өткізді. Олар жалақыны көтеруді және өндіріске жаңа технологиялар енгізілген жағдайда жұмыс орындарының сақталуына кепілдік беруді талап етіп отыр.