Астана, 27 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде альпинизм мен тау туризмін дамыту бойынша нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажет екенін мәлімдеді.
«Таулар адамға төзімділік пен тәртіпті үйретеді. Биікке ұмтылған сайын адам рухани шыңдалады. Сондықтан альпинизм мен тау туризмі – көшбасшыларды қалыптастыратын, қоршаған ортаға жауапкершілік сезімін тәрбиелейтін өмір мектебі. Бұл құбылысты жан-жақты қолдап, оны жастар тәрбиесінің маңызды негізіне айналдыру қажет», – деді Президент әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тапсыру рәсімінде.
Мемлекет басшысы Үкімет пен салалық министрлікке альпинизмді спорт ретінде және заманауи тау туризмін жүйелі түрде қолдау міндетін жүктеді.
«Мемлекеттік қаржыландыру мен демеушілік қаражатты тарта отырып, нақты іс-қимыл бағдарламасын әзірлеу қажет. Бұл бағыт мемлекет тарапынан назардан тыс қалмайды», – деді Тоқаев.
Президент Ерванд Ильинскийдің отандық және әлемдік альпинизмге қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Сіз әлемнің ең биік шыңдарын бағындырған тәжірибелі альпинист, халықаралық жарыстардың жеңімпазы ретінде кеңінен танылдыңыз. Эверестке көтеріліп, “Жеті шың” клубына енген алғашқы қазақстандық болдыңыз. Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан құрамасы әлемде алғаш болып барлық 14 сегізмыңдықты бағындырды – бұл бірегей жетістік», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев сондай-ақ Ильинскийдің жаттықтырушы ретіндегі еңбегін жоғары бағалап, оның жүзден астам спорт шеберін дайындағанын атап өтті.
Президент марапатты табыстап, ардагер альпинистке зор денсаулық, амандық және жаңа жетістіктер тіледі.




