Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан Парламенті Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы конституциялық заңды қабылдады

Қазақстан Парламенті Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы конституциялық заңды қабылдады

|

|

Астана, 27 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті (Мәжіліс пен Сенат) жұма күні өткен бірлескен отырыста «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» конституциялық заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады.

Бұған дейін құжат «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» деп аталған. Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың айтуынша, екінші оқылымға дайындық барысында екі палатаның бірлескен комиссиясы заң атауын өзгерту туралы шешім қабылдаған.

Заңның негізгі мақсаты – Алатау қаласының жедел әрі тұрақты дамуына қолайлы жағдай жасау.

Құжатқа сәйкес, Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Ол жеке қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді.

Заңда Alatau City Authority атты жаңа орган құру көзделген. Оның қызметі Премьер-министр төрағалық ететін кеңес арқылы айқындалады.

Құжатта инвестициялық келісімдердің тұрақтылығы, арнайы құқықтық режимнің басымдығы және лицензиялаудың ерекше тәртібі бекітілген. Сонымен қатар «бір терезе» қағидаты бойынша тәуелсіз реттеу жүйесі енгізіледі.

Инвесторлардың құқықтары халықаралық деңгейде қорғалатын болады. Олар Астана халықаралық қаржы орталығына немесе халықаралық арбитражға жүгіну мүмкіндігіне ие болады.

Салықтық жеңілдіктер тек қаланың басым даму салаларына сәйкес келетін жаңа инвестициялық жобаларға ғана беріледі. Инвесторларға қатысты барлық жеңілдіктер мен міндеттемелер ашық түрде жарияланады.

Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады. Оның бюджеті республикалық бюджет құрамында блоктық қағидатпен қалыптастырылып, негізінен инфрақұрылымды дамыту мен ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Ал қаланың жергілікті бюджеті ағымдағы және әлеуметтік міндеттемелерді орындауға жұмсалады. Бюджеттік дербестікке қол жеткізілгенге дейін Алатау қаласының қаражатын өзге бюджеттерге алу көзделмейді.

Заң сондай-ақ Алатауды Smart City үлгісі бойынша дамытуға бағытталған. Цифрлық платформа арқылы тұрғындарға негізгі қызметтер, оның ішінде рұқсат беру рәсімдері мен арнайы құқықтық режим аясындағы қызметтер ұсынылады. Сонымен қатар цифрлық активтердің айналымын, оның ішінде криптобиржалар мен токенизацияны реттеу мүмкіндігі қарастырылған.

Заң Президенттің қол қоюына жолданды.

Алатау қаласы Алматы облысында 2024 жылғы қаңтарда Мемлекет басшысының жарлығымен құрылған. Қаланың бас жоспары сингапурлық Surbana Jurong компаниясымен бірлесіп әзірленген. 2025 жылғы қыркүйекте Президент Алатауға арнайы мәртебе беру туралы жарлыққа қол қойған. Жоспарға сәйкес, «Алатау Сити» өңірдегі толық цифрлық форматта жұмыс істейтін алғашқы қалаға айналмақ.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Тоқаев Қазақстан-Германия инвестициялық-қаржы платформасын құруды ұсынды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның экономикалық қауымдастықтары мен қаржы институттарының өкілдерімен кездесуде Қазақстан-Германия инвестициялық-қаржы платформасын құруды ұсынды, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Мұнай бағасы төмендей бастады, Brent барреліне $104,4-ке дейін арзандады

Сейсенбі күні АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің жалғасып жатқаны туралы хабарлардан кейін мұнай бағасы төмендей бастады.

Иран мұнайына шектеу қойылса, Таяу Шығыстан мұнай экспорты тоқтайды – Галибаф

Иранның экономикалық қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, Таяу Шығыстағы бірде-бір ел мұнай экспорттай алмайды. Бұл туралы сейсенбі күні Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф мәлімдеді.

Жапония Typhon зымыран ұшыру қондырғысын Кюсюден Окинаваға ауыстырады

Жапонияның қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми әскерилер америкалық Typhon жерүсті зымыран ұшыру қондырғысын елдің оңтүстік-батысындағы Кюсю аралынан Окинаваға ауыстыратынын мәлімдеді, деп хабарлады сейсенбі күні «Киодо» агенттігі.