Астана. 24 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Астананың көлік және транзиттік мүмкіндіктерін арттыру үшін жаңа әуежай салу мәселесін қарастыру қажет. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.
«Үкіметке әкімдікпен бірлесіп осы мәселені жан-жақты зерделеуді және нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын», – деді мемлекет басшысы елорданың дамуына арналған кеңесте. Президенттің сөзін оның баспасөз қызметі келтірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен кеңесте елде толыққанды авиациялық хабтар қалыптастыру мәселесі, оның ішінде Астана әуежайы базасында дамыту жайы талқыланғанын еске салды.
Сонымен қатар Президент Қазақстанда авиациялық отын өндірісінің жеткіліксіз екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жағдай авиациялық хабтардың дамуына кері әсерін тигізуі мүмкін және қазірдің өзінде ықпал етіп отыр.
«Үкімет авиациялық отын өндірісін ұлғайту бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет. Мүмкін, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін де қарастыру керек», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы бұл ұсыныстың оң және теріс жақтары бар екенін атап өтіп, Үкіметке аталған мәселе бойынша өз ұстанымын айқындап, практикалық шешім әзірлеуді тапсырды.




