Астана. 14 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барды, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысын Ташкенттегі «Шығыс» әуежайында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Сапар Өзбекстан Президентінің шақыруымен басталды.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, әуежайда Қазақстан Президентінің құрметіне құрмет қарауылы сап түзеп қарсы алды.
Бұған дейін хабарланғандай, Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары 14 және 15 қараша күндері өтеді. Сапар аясында мемлекет басшыларының бетпе-бет кездесуі, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің отырысына қатысу жоспарланған.
Өзбекстан Президентінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, келіссөздердің басты тақырыптары ретінде сауда, өнеркәсіптік кооперация, көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары, мәдени-гуманитарлық жобалар салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері қарастырылады.
Сонымен қатар, аймақтық және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу, көпжақты форматтар аясындағы ынтымақтастықты дамыту жоспарланып отыр.
Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы мен бірқатар бірлескен жобалардың іске қосылуы, сондай-ақ стратегиялық әріптестік пен одақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қою жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қарашада Ташкентте өтетін Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжан басшыларының VII консультативтік кездесуіне қатысады деп жоспарланған.




