Астана, 24 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда баспасөз қызметі.
Түркия Президенті Тоқаевты жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен және Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануымен құттықтап, жаңа Негізгі заң елдің одан әрі тұрақты дамуына және оның ішкі әрі халықаралық әлеуетін нығайтуға серпін беретініне сенім білдірді.
Ердоған 14 мамырға жоспарланған Қазақстанға мемлекеттік сапарына, оның аясында Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің отырысын өткізуге, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне ерекше мән беретінін атап өтті.
Тоқаев түрік көшбасшысының Астанада өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздердің екіжақты стратегиялық әріптестікті дамытуға қосымша серпін беретіні туралы пікірін қолдап, сондай-ақ Түркістанда өтетін түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінен үлкен үміт күтетінін айтты.
Өз кезегінде Ердоған Қазақстан Президентін сәуір айында Антальяда өтетін Дипломатиялық форумға қатысуға шақырды. Бұл шақыру ризашылықпен қабылданды.




