Астана. 18 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Президент жанынан отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институтын құру туралы жарлыққа қол қойды. 16 наурызда қол қойылған құжаттың мәтіні сәрсенбі күні мемлекет басшысының сайтында жарияланды.
«Қазақстан Республикасында адам құқықтарын қорғауды күшейту, отбасы институтын нығайту және мемлекеттік отбасылық саясатты жетілдіру мақсатында Президент жанынан отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылсын», – делінген құжатта.
Уәкіл өз қызметін Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрамында төраға орынбасары ретінде, қоғамдық негізде жүзеге асырады.
Жарлықта уәкілдің негізгі міндеттері ретінде отбасының құқықтары мен мүдделерін қорғауды күшейту, отбасы институтын және дәстүрлі отбасылық құндылықтарды нығайту, мемлекеттік отбасылық және демографиялық саясатты жетілдіру, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын арттыруға жәрдемдесу белгіленген.
Үкіметке осы жарлықтан туындайтын шараларды қабылдау тапсырылды.
Өткен аптада Тоқаев отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл – ұлттық комиссия төрағасының орынбасары қызметіне Снежанна Имашеваны тағайындаған болатын.




