Астана. 19 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке еліміздегі шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарында бір студентті оқытуға бөлінетін мемлекеттік гранттардың құнын талдап, қайта қарауды тапсырды.
«Қазіргі кезде еліміздегі шетелдік университеттер филиалдарында білім алып жүрген студенттердің басым бөлігі – мемлекеттік грант иегерлері. Ұлттық жоғары оқу орындары мен шетелдік оқу орындары арасындағы мемлекеттік білім гранттарын бөлу ісінде елеулі теңгерімсіздік байқалады», – деді Тоқаев бейсенбі күні Алматыда ғылыми қауымдастықпен кездесу барысында.
«Үкіметтің мәліметіне сәйкес, шетелдік жоғары оқу орны филиалында бір студентті оқытуға бөлінетін мемлекеттік грант құны ұлттық мәртебесі бар университеттерге бөлінетін гранттан бес есе жоғары», – деді президент.
«Мұндай жағдайда қандай да бір бәсекелестік туралы айту орынсыз. Сондықтан үкімет тиісті талдау жүргізіп, шетелдік университеттерге бөлінетін мемлекеттік гранттардың құнын қайта қарауы қажет», – деп тапсырды Тоқаев.
Мемлекет басшысы соңғы үш жылда ашылған жетекші әлемдік университеттердің ондаған филиалы отандық ғылымға нақты пайда әкелуге тиіс екенін атап өтті.
«33 университет филиалы ашылды. Олардың қатарында МИФИ, Аризона университеті, Сорбонна, Лотарингия университеті, Кардифф университеті, Де Монтфорт университеті, Бейжің тіл және мәдениет университеті, сондай-ақ Лу Бань шеберханалары бар. Бұл ретте жетекші шетелдік жоғары оқу орындарымен өзара іс-қимыл тек формалды әріптестікпен шектелмеуге тиіс. Бізге тек есеп үшін ашылған, отандық ғылымға нақты пайда әкелмейтін филиалдар қажет емес», – деді Тоқаев.
«Бағалаудың негізгі өлшемі ашылған мекемелер саны емес, елдің ғылыми әлеуетіне қосқан мазмұнды үлесі болуы керек. Қазақстандағы барлық жоғары оқу орындары филиалдары жоғары білім беру саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қызмет етуге тиіс. Бұл мәселе мұқият пысықтауды талап етеді», – деп атап өтті президент.




