Астана. 2 ақпан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандық журналистерді Ұлттық баспасөз күнімен құттықтап, елде жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаны жариялауда бұқаралық ақпарат құралдарын сындарлы ұстаным танытуға шақырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смағадияров хабарлады.
«Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының Әділетті Қазақстанды құруға және “Заң мен тәртіп” қағидатын орнықтыруға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Ол баспа медиасы өкілдерін конституциялық реформаның барысын, сондай-ақ бүкіл мемлекеттік жүйені терең жаңғыртуға бағытталған өзге де ауқымды өзгерістерді сындарлы түрде жариялауға шақырды», – деп жазды Смағадияров дүйсенбі күні өзінің Telegram-арнасында.
Құттықтау жолдауында Тоқаев ұлты мен діни сеніміне қарамастан, барлық отандастар үшін басты міндет – жауапты әрі жасампаз патриотизм, заңға құрмет рухында елдің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау екенін атап өтті.
Президент отандық журналистердің осы айрықша маңызды іске белсенді атсалысатынына берік сенім білдіріп, оларға амандық пен табыс тіледі.




