Астана. 21 наурыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы қақтығысқа қатысушы тараптарды келіссөздер үстеліне отыруға шақырып, диалог алаңы ретінде Түркістан қаласын ұсынды.
«Әлемнің көптеген елдерінде қарулы қақтығыстар мен соғыстар ушығып отыр, бұл жаһандық экономикаға кері әсерін тигізуде. Таяу Шығыстағы жағдайды көріп отырмыз. Қақтығыс тым шиеленісіп кетті. Менің ойымша, бұл қарсыластықтан ешбір мемлекет пайда көрмейді», – деді Тоқаев.
«Қазақстан қақтығыстар жүріп жатқан өңірге жақын орналасқан. Сондықтан осы киелі жерден барлық елдерге үндеу жасағым келеді. Ең алдымен, азаматтық және экономикалық нысандарға қарулы шабуылдарды тоқтату қажет. Содан соң келіссөздер үстеліне отыру керек», – деді ол.
Президент Қазақстанның бұл күрделі жағдайда делдал болуға ұмтылмайтынын, алайда бейбіт келіссөздер үшін өз алаңын ұсынуға дайын екенін атап өтті.
«Мұндай диалогты Түркістанда өткізуге болады деп есептеймін», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар ол бұл бастаманың қақтығысқа тікелей қатысушы мемлекеттердің еркіне байланысты екенін айтты.
«Бұл – қазақ халқының ізгі ниетін білдіретін ұсыныс», – деді президент.
«Кеш болмай тұрғанда әскери әрекеттерді тоқтатып, келіссөздерді бастау қажет. Әйтпесе көптеген мемлекеттердің бейбіт өміріне нұқсан келіп, жаһандық тұрақтылықтың негіздері әлсірейді, тіпті әлемдік экономикалық дағдарыс қаупі туындайды», – деп түйіндеді мемлекет басшысы.




