Астана. 26 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады. Кездесу барысында Үкімет басшысы экономикалық реформаларды іске асыру және азаматтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады, деп хабарлайды Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Олжас Бектеновтің мәліметінше, Президент белгілеген экономиканы әртараптандыру жөніндегі міндеттердің нәтижесінде жалпы ішкі өнім өсімінің 70 пайыздан астамы өнеркәсіп, сауда және көлік салаларының үлесіне тиіп отыр.
Ағымдағы жылдың қаңтар–қараша айлары аралығында көлік қызметтері саласында өсім 20,3 пайызды, құрылыс саласында – 14,7 пайызды, саудада – 8,8 пайызды, ауыл шаруашылығында – 6,1 пайызды, өңдеу өнеркәсібінде – 5,9 пайызды құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 18,5 трлн теңгеге жетіп, жеке инвестициялар ағыны 9,8 пайызға артты.
Сондай-ақ Премьер-Министр Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру мен халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасының іске асырылуы туралы хабарлады.
Оның айтуынша, инфляция деңгейін төмендетуге бағытталған нақты шаралар көзделген.
Сонымен қатар Олжас Бектенов жылыту маусымының жоспарға сай өтіп жатқанын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін сақтау және арттыру мақсатында 2026 жылғы егіс науқанын ерте қаржыландыру жұмыстары жүргізілгенін баяндады. Бұл ретте өңдеу мен экспортты дамытуға басымдық берілмек.
Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев елдің тұрақты дамуын азаматтардың мүддесі үшін одан әрі қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, инженерлік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.




