Астана. 26 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Өтіп бара жатқан 2025 жыл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені үшін қарама-қайшылыққа толы, сынақтар мен белгілі бір өзгерістер кезеңі болды. Бір жағынан, астық, майлы дақылдар мен зығыр бойынша рекордтық өнім жиналып, ет пен сүт өндірісі артты. Екінші жағынан, ауыл шаруашылығы климаттың тұрақсыздығына, әлемдік шикізат бағаларының құбылуына және ішкі логистикалық қиындықтарға тап болды. Соған қарамастан, сала негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары бойынша өндіріс көлемін сақтап, жекелеген бағыттарда қалыпты өсім көрсетті әрі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін жалғастырды.
«Интерфакс-Қазақстан» агенттігі осы шолуда 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын айқындаған негізгі көрсеткіштер мен факторларға тоқталып, жыл қорытындысын ұсынады.
РЕКОРД ПА, ӘЛДЕ СЫН-ҚАТЕР МЕ?
2025 жыл Қазақстанның астық секторына біржақты баға беруге келмейтін кезең болды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, рекордтық өнім жиналды, ал өндіріс құрылымында ресми түрде монодақылды қысқарту бағыты жарияланғанына қарамастан, бидай бұрынғысынша негізгі орын алды. Сонымен қатар, ауа райының құбылмалылығына байланысты өңірлер арасында өнімділік пен сапа көрсеткіштері әркелкі болды.
Анықтама:
16 млн гектар егіс алқабынан орташа өнімділік гектарына 17 центнерді құрап, барлығы 27,1 млн тонна астық жиналды (2024 жылмен салыстырғанда өсім – 2%). Бидай көлемі 20,3 млн тоннаға жетіп, өткен жылдан 500 мың тоннаға артты. Арпа өндірісі шамамен 4 млн тоннаны құрап, өткен жылғы деңгейде сақталды.
Мол өнім бір жағынан ішкі азық-түлік тұрақтылығын және экспорттық әлеуетті қамтамасыз етсе, екінші жағынан, ауыл шаруашылығы табысының негізгі көзі ретінде астыққа тәуелділік әлі де жоғары күйінде қалды. Климаттық немесе бағадағы кез келген өзгеріс АӨК-тің жалпы көрінісіне елеулі ықпал етуі мүмкін.
2025 жыл өнім көлемі рекордтық болғанымен, фермерлердің табысы әрдайым күткен деңгейде бола бермегенін көрсетті. Сарапшылардың айтуынша, биыл елдегі астық бағасы үш негізгі фактордың ықпалымен қалыптасты: жоғары өнім, логистикалық қиындықтар және экспорттық сұраныс.
Нарық қатысушыларының мәліметінше, күз мезгілінде «Hi-Pro» санатындағы (клейковинасы 30 пайыздан жоғары) бидайдың нақты бағасы бір тоннасына 120–125 мың теңгеден аспады. Алайда мұндай сападағы астық көлемі шектеулі болды. Кейінірек клейковинасы 23–27 пайыз болатын бидай нарыққа шығып, оның бағасы 80–90 мың теңге деңгейінде қалыптасты, ал төртінші сыныпты бидай 70–75 мың теңгеден сатылды.
19 желтоқсаннан бастап «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы астықты тікелей сатып алу бағдарламасын іске қосты. ҚҚС-ты есепке алғандағы алдын ала бағалар сапасына қарай бір тонна үшін 70 мың теңгеден 115 мың теңгеге дейін белгіленді.
Осылайша, рекордтық өнімге қарамастан, нарық күткендей астық бағасының күрт өсуі байқалған жоқ.
ЭКСПОРТ: ОҢ ҮРДІС
2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты сала үшін ең жағымды факторлардың бірі болды. Қазақстан астық, ұн, майлы дақылдар мен өсімдік майларын сыртқа жеткізуді айтарлықтай арттырып, Орталық Азия мен Таяу Шығыстағы дәстүрлі нарықтардағы позициясын нығайтты әрі жаңа бағыттарда қатысу аясын кеңейтті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, желтоқсан айының соңындағы жағдай бойынша жаңа өнім есебінен экспортқа шамамен 4 млн тонна астық жөнелтілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға жоғары.
Атап айтқанда, Өзбекстанға жеткізілім 31 пайызға (1,3 млн тоннадан 1,7 млн тоннаға дейін), Қырғызстанға – екі есеге (59 мың тоннадан 122 мың тоннаға дейін), Ауғанстанға – 36,8 пайызға (190 мың тоннадан 260 мың тоннаға дейін) артты.
Қараша айында Қазақстан соңғы 30 жылда алғаш рет Арменияға азық-түлік бидайын жөнелтіп, Ресей, Әзербайжан және Грузия арқылы өтетін жаңа логистикалық бағытты сынақтан сәтті өткізді. Осыдан кейін «Азық-түлік корпорациясында» Қазақстанның Арменияға ай сайын 20 мың тоннаға дейін астық жеткізуге дайын екені мәлімделді.
Жалпы алғанда, 2025–2026 ауыл шаруашылығы жылында (2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы тамызға дейін) Қазақстан экспорттық әлеуетті өткен маусымдағы деңгейде, яғни 13 млн тонна астық көлемінде сақтау жоспарын ұстанып отыр.
ЛОГИСТИКА СЫНҒА ТҮСКЕН КЕЗЕҢ
25 қазаннан бастап Қазақстан Өзбекстанмен шекарадағы Сарыағаш халықаралық өткелі бағытына астық тиелген вагондарды жөнелтуге уақытша шектеу енгізді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы бұл шараның мәжбүрлі әрі уақытша сипатта екенін, халықаралық өткелдегі жағдайды тұрақтандыруға бағытталғанын мәлімдеді. Сол кезеңде Сарыағаш станциясына кіреберіс бағыттарда 8,4 мыңнан астам вагонның жиналып қалғаны тіркелді.
Қазан айының соңында ҚТЖ Қытаймен шекарадағы Алтынкөл өткелі арқылы астық жүктерін қабылдауға да шектеу қойды. Мәліметтерге сәйкес, Қытай тарапынан тәулігіне қабылданатын пойыздар саны 14-тен 10-ға дейін қысқарып, кей күндері алты құрамға дейін төмендеген. Қытай фитосанитарлық және сапа бақылауын күшейтіп, экспорттаушылар жөнелтуге дайын болған көлемнен аз пойыз қабылдады әрі өз кестесіне қатаң сүйенді. Соның салдарынан вагондар шекара маңында тұрып қалды, кезек пайда болды, ал бизнес үшін белгісіздік артты.
Қараша айының соңында ҚТЖ Қытай мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктерімен пойыздарды қабылдау көлемін арттыру және астық жүктерін тексеру рәсімдерін жеделдету жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алайда Сарыағаш пен Қытай шекарасындағы жүктеме әлі де жоғары күйінде қалып отыр. Мұндай жағдайда кез келген рекордтық өнім көлемі автоматты түрде логистикалық қиындыққа айналады.
Астық одағының басшысы Евгений Карабанов Сарыағаш бағытына қойылған шектеулер алынғаннан кейін астық пен оны қайта өңдеу өнімдерінің экспорты едәуір жандана түскенін атап өтті. Дегенмен вагон тапшылығы және жүк жөнелтушілердің қосымша жоспарларға қатысты келісілмеген өтінімдерінің көптігі экспортқа кедергі келтіруде.
Сонымен қатар көптеген жүк жөнелтушілердің қаңтар айына арналған негізгі жоспарлары мақұлданбаған, ал қосымша жоспарлар жаңа жылдық мерекелерден кейін қаралатын болады. Осыған байланысты, қаңтардың алғашқы онкүндігінде Орталық Азия елдері бағытына астық пен ұнды жаппай жөнелту күтілмейді.
Бұдан бөлек, Түрікменстан темір жолдарының өтініші бойынша 25 желтоқсаннан бастап «Болашақ» өткелі арқылы Ауғанстан бағытына барлық жүктер мен бос вагондарды тиеуге конвенциялық тыйым енгізілді. Бұл шектеу арнайы хабарланғанға дейін күшінде болады.
ДИВЕРСИФИКАЦИЯ ІС ЖҮЗІНДЕ
2025 жылы майлы дақылдар агроөнеркәсіп кешеніндегі ең қарқынды дамып келе жатқан бағыт ретінде түбегейлі орнықты. Егіс алқаптарының кеңеюі мен өңдеуші кәсіпорындар тарапынан сұраныстың жоғары болуы бұл дақылдарды фермерлер үшін негізгі табыс көздерінің біріне айналдырды.
Тәжірибе көрсеткендей, әртараптандыру ауыл шаруашылығының ұзақ мерзімді дамуы тұрғысынан ең перспективалы бағыттардың бірі ретінде дәл осы майлы дақылдарды алға шығарды.
Анықтама: Қазақстанда алғаш рет майлы дақылдардың жалпы өнімі 4,8 млн тоннаға жетті. Оның ішінде күнбағыс – 2,3 млн тонна, зығыр – 1,4 млн тонна, рапс – 522 мың тонна. Сонымен қатар бұршақ тұқымдас дақылдардан да рекордтық өнім жиналды – 1,1 млн тоннадан астам. Оның ішінде жасымық – 840 мың тонна, асбұршақ – 220 мың тонна, ноқат – 22 мың тонна.
Өткен жыл зығыр дақылы үшін бетбұрыс кезең болды. Ол тар шеңбердегі дақыл мәртебесінен шығып, өсімдік шаруашылығының ең серпінді әрі экспортқа бағытталған сегменттерінің біріне айналды.
Евгений Карабановтың айтуынша, Еуроодақ нарығындағы ресейлік зығырдың орнын қазақстандық өнім белсенді түрде алмастырып жатыр. Ал жаңа жылдан бастап ЕО-ның ресейлік зығырға салынатын импорттық баж салығын 50%-ға дейін көтеруіне байланысты Қазақстан зығыры бұл нарықта негізгі өнімге айналады. Мәселен, қыркүйек айында Қазақстан зығыр тұқымын экспорттауды 3,8 есеге арттырып, рекордтық 63 мың тоннаға жеткізді. Бұл 2024 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда да 3,8 есе көп. Еуроодақ елдеріне экспорт та айтарлықтай өсті: Бельгияға – 12,6 мың тонна (6 есе өсім), Польшаға – 4,9 мың тонна (12,2 есе), Германияға – 1,2 мың тонна (4 есе).
Қыркүйек айында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қазақстан 2028 жылға қарай май өңдеу саласының жылдық айналымын 1 млрд АҚШ долларынан асырып, күнбағыс майын жеткізуші жетекші үш елдің қатарына кіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Қазақстандық майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығының дерегінше, 2025 жылдың 10 айында ел рафинадталған май экспортын 22%-ға арттырып, 132 мың тоннаға жеткізді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл көрсеткіштерге мемлекеттік қолдау шараларының оң әсер еткенін атап өтеді. Атап айтқанда, аграршыларды ерте кезеңде жеңілдетілген қаржыландыру тетігі енгізілді. Бұл ретте фермерлерге несие көктемгі дала жұмыстары кезінде емес, егіс науқанына дейін алдын ала беріледі. Осылайша, 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарына арналған қаржыландыру биылғы күзде басталды. Министрлік дерегінше, қазіргі таңда 750-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушіге 81 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген.
ҚАНТ ӨНДІРІСІ
Қазақстан қант саласын дамыту стратегиясын белсенді түрде қайта қарап жатыр: импортқа тәуелділіктен ішкі өндірісті күшейтуге көшу көзделуде. Негізгі жоспарлар жаңа қант зауыттарын салу және қолданыстағы өндірістік қуаттарды жаңғыртуды қамтиды.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл шамамен 850 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарланған. Қолданыстағы зауыттар тұрақты жұмыс істеп тұрғанымен, олардың өндірістік мүмкіндігі шектеулі.
Қазіргі уақытта Қазақстанда тәулігіне 8,7 мың тонна қант қызылшасын және 2,4 мың тонна қант қамысы шикізатын өңдеуге қауқарлы, барлығы төрт қант зауыты жұмыс істейді. Барлық кәсіпорындар елдің оңтүстігінде орналасқан.
Биылғы жылдың маңызды жаңалықтарының бірі – түркиялық Cengiz Holding холдингінің Қазақстанда екі қант зауытын салуға шамамен 500 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салу жоспарын жариялауы болды. Жылына 300 мың тоннаға дейін қант өндіретін бұл зауыттарды Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында орналастыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Сонымен қатар, «Халықаралық компания Голдбридж» ЖШС Атырау облысында құны 58 млрд теңге болатын қант зауытын салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорынның жылдық қуаты – 144 мың тонна.
Қытайлық Zhongkai Guoyuan (Anhui) Industrial Investment Co. компаниясы қыркүйек айында Қазақстанның оңтүстігінде 200 млн долларлық қант зауытының құрылысын бастады. Жоба аясында зауыт жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеп, 80–130 мың тонна қант, 72 мың тоннаға дейін қызылша жомы мен 54 мың тонна сірне өндіруге мүмкіндік береді.
Егер жаңа зауыттар жоспарланған мерзімде іске қосылып, қолданыстағылары жаңғыртылса, Қазақстан болашақта қант импортының көлемін айтарлықтай қысқартып, өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттыра алады.
«АҚ АЛТЫН»: СҮТ ЖӘНЕ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Қазақстанда сүт және сүт өнімдерін өндіру көлемі өсіп келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2025 жылы қайта өңделген сүт өнімдерінің жалпы көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4–4,7% артқан. Мал шаруашылығында мал басының өсуі байқалып, бұл сүт өндірісінің ұлғаюына ықпал етуде. Өңірлерде жоғары өнімді жаңа сүт фермалары мен кешендер салынуда.
Шілде айында Ауыл шаруашылығы министрі Сапаров Қазақстан 2027 жылға қарай сүт және сүт өнімдері импорты мәселесін толық шешіп, өзін-өзі 100% қамтамасыз етуге қол жеткізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2019 жылы елде бар болғаны 19 заманауи сүт фермасы болса, 2027 жылға дейін жоспарланған 116 ферма іске қосылған жағдайда жылына қосымша 600 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік туады және импортқа тәуелділік жойылады.
Бұл пікірді Қазақстанның Сүт одағының басшысы Владимир Кожевников те қолдайды. Оның айтуынша, министрдің мәлімдемесі шынайы әрі қолжетімді мақсатқа негізделген.
Сонымен бірге, Кожевников сүт өнімдерінің барлық түрі бойынша импорттан толық бас тарту мүмкін емес екенін атап өтті. Қазақстанда өндірісі экономикалық тұрғыдан тиімсіз өнімдер бар. Қазіргі таңда ел ауыз сүт, айран және қарапайым ашытылған өнімдер сияқты негізгі сүт өнімдері бойынша ішкі нарықтың 95–97%-ын өз өндірісі есебінен қамтамасыз етіп отыр. Ал ірімшік, сары май және құрғақ сүт секілді қосылған құны жоғары өнімдер бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр.
Қазір Қазақстанда өндірілетін сүттің шамамен 70%-ы ұсақ шаруашылықтарға тиесілі. Бұл логистиканы қиындатып, өнеркәсіптік қайта өңдеуге арналған шикізаттың сапасына әсер етеді. Сондықтан саланы дамытудағы маңызды қадамдардың бірі – ірі тауарлы сүт фермаларын іске қосу.
2025 жыл Қазақстанның сүт саласында тұрақты өсім бар екенін көрсетті. Инвестициялар, шикізат сапасын арттыру және қайта өңдеуді дамыту елді өңірлік сүт нарығында елеулі ойыншыға айналдыруға мүмкіндік береді.
Анықтама:
2025 жылдың қаңтар–қараша айларында Қазақстанда 1,02 млн тонна ет өндірілді, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3% жоғары. Осы кезеңде сүт өндірісі 5%-ға өсіп, 3,5 млн тоннаны құрады. Ірі қара мал саны 8,3 млн басқа жетті, ал құс саны 48,5 млн басты құрады.




