Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан Президенті «Банктер және банк қызметі туралы» заңға қол қойды

Қазақстан Президенті «Банктер және банк қызметі туралы» заңға қол қойды

|

|

Астана. 16 қаңтар. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Банктер және банк қызметі туралы» заңға, сондай-ақ қаржы нарығын реттеу және дамыту, байланыс пен банкроттық мәселелері бойынша заңнамалық актілерге енгізілген түзетулерге қол қойды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Бұған дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) төрағасы Мадина Әбілқасымованың мәлімдеуінше, аталған заң банк жүйесінің жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін айқындайды. Атап айтқанда, ол банк қызметін реттеу, бақылау және қадағалау тәртібін белгілейді, салымшылардың, өзге де кредиторлар мен банк клиенттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған, сондай-ақ банк қызметтері нарығында адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге, халықтың қаржылық сауаттылығы мен банк қызметтеріне қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.

Банктік сектордағы шоғырлануды төмендету және бәсекелестікті дамыту мақсатында банк қызметін лицензиялауға қойылатын талаптарды ырықтандыру көзделген. Осыған байланысты базалық және әмбебап лицензиялар енгізіледі. Базалық лицензия рұқсат етілетін операциялардың көлемі мен реттеушілік талаптардың деңгейі бойынша әмбебап лицензиядан ерекшеленеді. Базалық лицензиясы бар банктер үшін активтердің ең жоғары мөлшері мен меншікті капиталдың ең төменгі көлеміне шектеулер белгіленеді.

ҚНРДА төрағасының айтуынша, қазіргі кезеңде активтердің ең жоғары мөлшерін 500 млрд теңге деңгейінде, ал меншікті капиталдың ең төменгі мөлшерін кемінде 10 млрд теңге көлемінде шектеу жоспарланып отыр.

Заңдағы негізгі жаңалықтардың бірі – Қазақстан аумағында цифрлық қаржы активтерінің айналымына рұқсат беру және оларды активтердің жаңа сыныбы ретінде реттеу тетіктерін енгізу. Атап айтқанда, цифрлық қаржы активтерінің үш түрі қарастырылған.

Біріншісі – базалық активі ақша болып табылатын цифрлық қаржы активтері, яғни стейблкоиндер. Стейблкоиндерді шығару, айналысқа енгізу және өтеу тәртібі мен шарттарын Ұлттық банк айқындайтын болады. Екіншісі – базалық активі қаржы құралдары, қаржы активтері, мүліктік құқықтар, тауарлар немесе өзге де мүлік болып табылатын цифрлық қаржы активтері. Үшіншісі – цифрлық платформада электрондық-цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары.

Сонымен қатар цифрлық активтердің тағы бір түрі – криптовалюталарды реттеу көзделген. Криптовалюталарды айырбастау жөніндегі ұйымдар құру жоспарланып отыр, олардың қызметі Ұлттық банк тарапынан лицензияланып, реттелетін болады.

Құжат банктерге цифрлық технологиялар, электрондық коммерция, киберқауіпсіздік, биометрия, жасанды интеллект және телекоммуникациялар салаларында еншілес компаниялар құруға және сатып алуға құқық береді.

Бұдан бөлек, қаржыландырудың баламалы тетіктерін дамыту мақсатында әмбебап банктерге қолданыстағы лицензия шеңберінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріледі. Бұл нормалар банктерге жеке банк құрмай-ақ, өз құрылымында исламдық қаржы өнімдерін ұсынатын мамандандырылған бөлімшелер ашуға жол ашады.

Үшінші тұлғалардың атына несие рәсімдеу мүмкіндігін болдырмайтын талаптар енгізіледі. Банкте шотты алғаш ашу кезінде биометриялық сәйкестендіру Ұлттық банктің биометриялық жүйесі арқылы жүргізіледі, ал кредитті алғаш алу кезінде биометриялық тексеру тек банкке немесе микроқаржы ұйымына жеке келген жағдайда жүзеге асырылады.

Сонымен қатар соттан тыс банкроттық рәсімін жеделдету қарастырылған. Банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы жалпы берешегі 1600 АЕК-ке (6,2 млн теңге) дейін, ал міндеттемелерді орындау мерзімі 5 жылдан асып кеткен борышкерлер үшін рәсім мерзімі 6 айдан 1 айға дейін қысқартылады. Кредиттік бюро деректеріне сәйкес, бұл шара жалпы қарызы 200 млрд теңгеден асатын 350 мыңнан астам азаматты қамтиды.

Бірнеше кредиттік ұйымдар алдында бір мезгілде берешегі бар азаматтар үшін қаржы омбудсмені қызметі жанындағы платформа арқылы ұжымдық реттеу мүмкіндігі енгізіледі.

Сонымен бірге жеке тұлғалардың қарыздарын коллекторларға сатуға қойылған мораторий 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Азық-түлік бағасы төмендеді

Сауда және интеграция министрлігінің уәжіне сүйенсек, бағаның оң серпініне ықпал еткен негізгі факторлардың бірі – баға белгілеуді әкімшілік жолмен бақылау. Бұған сауда үстемесінің белгіленген шекті мөлшерінің сақталуын қадағалау, сондай-ақ жеткізу тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту жатады.

Балабақшадан тараған ең мейірімді тренд

«Астанадағы балабақшалардың бірінде тәрбиешілер күннің соңында бүлдіршіндердің шашын түрлі күлкілі үлгіде сәндеп, ата-аналарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Күтпеген тосынсый аналар мен әкелердің жүздеріне күлкі үйіріп, видео әлеуметтік желілерде тез тарады. Қолданушылар дәл осындай қарапайым әрі шынайы сәттер балалық шақты бақытты ететінін жазуда», – деп хабарлайды kztodaynews .

Көші-қон саясаты: білікті мамандарға басымдық

Еңбек министрлігі іске асырып жатқан Көші-қон саясатының тұжырымдамасы маңызды бастама деуге болады. Себебі мемлекет көші-қонды енді тек әлеуметтік мәселе ретінде ғана емес, экономикалық дамудың да тиімді тетігі ретінде қарастыра бастады.

ҚНРДА несиелеу жүйесін жаңартып, халықтың борыштық жүктемесін азайтуды көздейді

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) тәуекелге бағдарланған мінез-құлықтық қадағалау мен қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін іске қосатын ауқымды заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер пакетін бекітті. Бұл өзгерістер қаржы ұйымдарын тек формальды талаптардың орындалуы тұрғысынан бақылаудан бас тартып, азаматтарды қаржы өнімдерінің бүкіл өмірлік циклі бойында алдын ала қорғауға бағытталған жаңа тәсілге көшуді көздейді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толық күшіне енетін жаңа талаптар банк секторының жұмыс қағидаттарын түбегейлі өзгертуді мақсат етеді. Мұндай қадам халықтың қарыз жүктемесі тарихи ең жоғары деңгейге жеткен кезеңде қабылданып отыр. Ел тарихында алғаш рет жеке тұлғалардың берешегі нақты экономика секторына берілген кредиттердің жалпы көлемінен 1,5 есе асып түсті.